263
немесе келісім жүргізу болсын, соғыс кезінде оның азаматтары өздерінің тәрбиесі мен
алған білімдеріне сай ерлік жасағандары туралы суреттемені есту менің жаныма жақты.
Сонымен, Критий мен Гермократ, менің азаматтар мен мемлекетке лайықты мақтау сөз
оқу міндетін орындау қолымнан келмейтіні өзіме белгілі. Менің қабілетсіздігіме ешқандай
таңданарлық ешнәрсе жоқ: маған, мұны ақындар, ежелгі болсын немесе қазіргі кездегі
болсын, жасай алмайтын да сияқты. Менің ақындарды ренжітейін деген ойым жоқ; бірақ
еліктеушілердің тобын (тайпа) олардың жас кезінен әдеттенген нәрсесін қайта қолына
келтіру оңай және жақсырақ екені әркімге белгілі, ал әдеттегінің шегінен тыс басқа
нәрсені істен гөрі, тілде қайта қалпына келтіру олар үшін қиынырақ. Ал софистерге
келсек, иә, әрине, мен оларды әртүрлі әңгімені жасауда, басқа да керемет нәрселерде
әлдеқайда әккі деп есептегенмін, бірақ бүл софистер бір қаладан басқа қалаға саяхаттауға
әдеттенгендіктен, еш жерде өз үйлері болмағандықтан, менде оларға соғыс, шайқас және
келіссөздер жағдайында философтар, мемлекет адамдары жасаған істер мен сөздерге
олардың қолдарынан келетініне күмәнім бар. Сонымен, тек сіз сияқты табиғатынан және
тәжірибесімен философиялық және мемлекеттік істерге жарамды адамдар ғана қалады.
Міне, біздің алдымызда Тимей тұр: тамаша заңдары бар Италиялық Локрлар сияқты
мемлекеттің азаматы бола отырып, байлығы және тектілігі жағынан сол жақтың
тұрғындарының ешбіреуінен кем түспей, ол қала бере алатын жоғары қызмет пен
құрметке жеткен, сонымен қатар, менің ойымша, философияның да ең жоғарғы шыңына
көтерілген. Ал Критий болса, біздің талдайтын нәрселеріміздің ешбіреуінде оның білімсіз
еместігін Афина біледі. Ең соңында, Гермократ, көптеген анықталған дәлелдерге сай, бүл
пайымдауларға табиғатымен де, оқып-үйренгенімен де дайын. Сондықтан да, кеше
сіздердің сұраныстарыңды ескеріп, мемлекеттік құрылым туралы өз ойларымды айтып
беруге шын көңілден келісім бердім, өйткені, егер тек сіздер жалғастыруға келіссеңіздер,
сіздерден жақсы ешкім оны істей алмайды; қазіргі өмір сүріп жатқан адамдардың ішінде
біздің мемлекетті өзіне лайық соғысқа тартып, өзінің қасиеттеріне сай әрекет ететінін
сіздер ғана көрсетуге қабілеттісіздер. Өзімнен талап етілетіннің бәрін айтып, мен, өз
кезегімде сіздердің естеріңізге салып отырған талапқа көңілдеріңізді аударамын.
Өзара ақылдасқаннан соң, сіздер бүгін маған сөз сыйлауға келістіңіздер; мен, қазір,
өздерің көріп отырғандай, оған дайындалдым және тағат таппай күтіп отырмын.
Гермократ. Әрине, Сократ, өзіміздің Тимей айтқандай, ынтамызда кемшілік болмайды,
егер біз бас тартсақ, бізге ешқандай кешірім болмас еді. Өйткені кеше де, Критийге кіре
салысымен, қазір уақыт өткізіп отырған қонақтарға арналған бөлмеде, тіпті соған келе
жатқан жолда да, біз дәл осы туралы әңгімеледік. Критий сол кездің өзінде бізге ертеде
естіген бір оқиғаны айтты. Енді оны бізге тапсырылған міндетке сәйкес келетін,
келмейтінін шешуге бізге көмектесуі үшін Сократқа да айтып берші.
Критий. Егер әңгіменің үшінші қатысушысы Тимей келіссе, дәл солай жасау керек.
Тимей. Мен, әрине, келісемін.
Критий. Тыңдашы, Сократ, бұл әңгіме түсініксіздеу болса да, бірақ еш шартсыз, жеті
данышпанның данышпаны, Солон бір кезде куәландырғандай, шындық. Ол біздің
бабамыз Дропидтің туысы және үлкен досы болған, ол туралы бірнеше рет өзінің
өлеңдерінде атап өткен; ол біздің атамыз Критийге айтқан,— ал шал өз кезегінде, бізге
қайталап айтқан,— ертеде біздің қаламызда кейін уақыттың жылдам өтуіне, адамдардың
өлуіне байланысты ұмыт болған, ұлы, таң қаларлықтай істер жасалған, олардың ішіндегі
ұлысын, саған сый көрсету үшін және құдайға лайықты және шыншыл мақтау гимнімен
оның мейрамы кезінде құрмет көрсету үшін бізге еске түсіру қажет болады.