Page 261 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

261
Ондай жағдайда ол өзін және өзінің сыбайластары мен сыбайлас әйелдерін әкесінің
ақшасымен асырайтыны анық.
Түсінікті: ақыры халық тиранды дүниеге келтірген екен, онда сол халық оның өзі
мен сыбайластарын асырасын.
Бұл тиранға өте қажет.
Сен бұны қалай айтасың? Ал егер халық наразылық білдіріп, ер жеткен ұлы
әкесінің есебінен күн көрмей, керісінше, баласы әкесін асырау керек болса ше, өйткені
ол ұлын дүниеге келтірді және аяғынан тұрғызды, үлкейгенде өз құлдарының қолына
өзі құл болып түсіп, оның ұлын, құлдарын, қай қайдағы қашып-пысқандарды асырауы
керек пе? Керісінше, халықтың өкілі осындай жағдайға дейін көтерілгеннен кейін,
халық байлар мен қадірлі адамдар" деп аталатындардан құтылу амалын ойлай алатын
еді; ал енді халық оған және оның сыбайластарының мемлекеттен кетуін талап етеді:
әкесі осылайша баласы мен оның ішімдікке тойып алған сыбайластарын үйінен қуып
шығады.
Зевс атымен ант етемін, халық сонда өзінің қандай оңбағанды тудырғанын, сөйтіп
бар сүйіспеншілігімен өсіріп - жетілдіргенін көреді; ол өзінің әлсіз күштерімен кімді
қуып шығуға тырысып жатқанына көзі жетеді.
Сен не деп тұрсың? Сонда тиран өзінің әкесі айтқанынан қайтпай қойса, оған қарсы
күш жұмсауға дәті бара ма?
Иә, ол әкесінің қаруын тартып алады.
Демек, тиран — өз әкесін өзі өлтірген қанішер және қарттар үшін нашар асыраушы;
тирандық биліктің қасиеті осындай екені жалпыға қашаннан мәлім нәрсе болса керек.
"Түтіннен қашып, отқа түсіп қаласың" деген мақал бойынша: осылайша халық та еркін
адамдарға бағыну арқылы деспоттық биліктің құлдығына түсіп қалады да, өзінің
шамадан тыс еркіндігін ең ауыр және ащы құлдыққа — құлдарға құлшылық етуге —
айырбастайды.
ТИМЕЙ
Сократ. Бір, екі, үш — ал қымбатты Тимей, кеше қонақ болған, ал бүгін бізге ас
дайындамақ болған төртіншісі қайда?
Тимей. Ол сырқаттанып қалыпты, Сократ: әйтпесе ол өздігінен біздің әңгімемізден қашпас
еді.
Сократ. Олай болса, оның парызы мен үлесін саған жөне мыналарға бөліп, орнын
толтыруға тура келер?
Тимей. Әрине, біз қолымыздан келетіннің бәрін жасаймыз! Сен кеше бізге қонақжайлық
парызыңды барынша дұрыс жасағаннан соң, біз өз кезегімізде саған да сондай
қонақжайлық танытуға бар күшімізді салмасақ, дұрыс болмас еді.
Сократ. Жарайды. (Естерінде ме) қанша және қандай затты мен әңгіме қылуға ұсынғаным
естерінде ме?
Тимей. Бір нәрселері есімізде, ал егер ұмытып қалсақ, сен осындасың, есімізге саласың, ал
егер саған қиын болмаса, біздің есімізде жақсы сақталуы үшін, барлығын тағы бір
қысқаша бастан аяқ қайталасаң, өте жақсы болар еді.
Сократ. Сенің айтқаның болсын! Егер мен қателеспесем, кеше менің әңгімемнің
бастапқысы мемлекеттік құрылым болды: ол қандай болуы керек және өзінің жетілуі үшін
қандай азаматтарды талап етеді.
Тимей. Жарайды, Сократ: сенің суреттеген мемлекетің барлығымыздың жүрегімізге
жақты.
Сократ. Біз жер жыртушылардың өнерін және басқа кәсіптерді мемлекетті соғыс кезінде
қорғауға арналған сословиеден бөлуден бастағанымыз рас па?
Тимей. Иә.