259
Осындай пенде пайда болған мемлекеттің және адамның бақыты неде деген
мәселені қарастырсақ па?
Әрине, қарастыруымыз керек.
Алғашқы күндері, жалпы алғашқы кездері ол кімді көрсе де бәріне ылғи жылы
шыраймен күлімсірейді, қайтсе де өзінің тиран емес екендігіне сендіреді; ол жеке
тұлғаларға және қоғамға көп уәде береді; ол адамдарды қарызынан босатады және
халық пен өзінің төңірегіндегілерге жер үлестіріп береді. Осылайша бәріне мейірбан
әрі момын болып көрінеді.
Бұл сөзсіз болады.
Ал енді ол дұшпандарының ішінен біреумен тіл табыса қалса, дереу қалғандарын
жойып жібереді, содан кейін олар оны мазаламайды, менің ойымша, оның бірінші
мақсаты халық әрдайым көсемге мұқтаж болуы үшін, азаматтарын ылғи қандай да
болмасын бір соғысқа қатыстырып отырады...
Әрине.
...сосын адамдар салықтардың кесірінен кедей халге түсіп, өзіне қарсы қаскүнемдік
ойлауға шамасы келмейтіндей, сүйретіліп ылаждап өмір сүре берсе деп көксейді.
Бұл анық.
Ал егер ол біреуден еркін пікірлері үшін және өзінің билігін мойындамағаны үшін
күмәндана қалса, ол дұшпанға сатылып кетті деген сылтаумен оңдай адамдардың көзін
лезде жойып жібереді. Сондықтан тиран соғыс жасау арқылы енді ұдайы дүрліктіріп
отыруы керек.
Иә, солай жасауы керек.
Бірақ мұндай әрекеттер оны азаматтарының алдында одан бетер жеккөрінішті етіп
көрсетеді.
Әрине.
Ал оның көтерілуіне септігін тигізген құдыретті адамдардың кейбіреулері, қалай
болғанда да сәл батылдаулары, оған ашықша және өзара әңгіме кезінде де төңіректе
болып жатқандарға көңілдері толмайтындарын айтып наразылық білдіре бастайды.
Мүмкін.
Тиран өзінің билігін сақтап қалу үшін, олардың бәрінің көзін жоюы керек, сөйтіп
ең соңында оның жанында ешқандай досы да, дұшпаны да — іске жарайтын ешкім
қалмайды.
Түсінікті.
Демек, тиран кімнің батыл, кімнің кең пейілді, кімнің парасатты, кімнің бай екенін
жақсы біліп, жіті қадағалап отыруы керек. Тиранның есендігі осы адамдардың бәріне
еріксіз дұшпан болуына және мемлекетті олардан тазартып шыққанға дейін оларға
қарсы қастық ойлауға негізделген.
Ғажап тазарту, бұған не деуге болады!
Иә, бұл дәрігерлердің қолданатын әдістеріне қарама қайшы: дәрігерлер ағзадағы ең
жақсы заттарды қалдырып, ең жамандарын кесіп алып тастайды емес пе, ал бүл жерде
бәрі керісінше.
Тиран билігін сақтап қалғысы келсе, осылай жасау қажет болғаны ғой.
Ол игі қажеттілікке шырмалғандықтан, я өзі жек көретін адамдармен, соның ішінде
неше түрлі жексұрындармен бірге тіршілік етуге мәжбүр болуы керек, я болмаса
өмірімен қоштаса беруі керек.
Иә, мәжбүр.
Ол неғұрлым өзінің осы әрекеттерімен елдің алдында жеккөрінішті бола бастаса,
оған солғұрлым көп өзіне берілген оққағар қажет болады, солай емес пе?
Әрине.
Ал енді оған берілген кім бар? Оларды қайдан табасың?