Page 256 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

256
Сен маған көрген түсімді өзіме қайта айтып беріп тұрған сияқтысың: мен ауылға
барған кезімде олардан аз жәбір шеккен жоқпын.
Егер бұлардың бәрін бір жерге жинақтасақ, ең бастысы, өзің де түсініп тұрған
шығарсың, халықтың жаны ұсақ-түйек нәрсеге бола шектен тыс сезімтал болып бара
жатқанын: күштеп жасалған нәрсенің бәрі кешірілмейтін қылық сияқты көрініп,
олардың ашу-ызасын шақырады. Өзің де білесің, бүл адамдар бастарында ешқандай
биліктің болмауын қалағандықтан, мұның ақыры тіпті жазулы және жазулы емес
заңдармен де есептеспейтін болып кетумен бітеді.
Мен мұны жақсы білем.
Ендеше, досым, осындай керемет жақсы және бозбалалық албырттыққа толы
биліктен, менің ойымша, тирания туындайды.
Шындығында да, ол албырт. Әрі қарай не болмақ сонда?
Олигархияда бой көтерген кесел оның түбіне жетті, өз еркімен болу бұл жерде
кеңірек және күштірек тамыр жаюда және демократияны жаншуда. Шынында да,
әсіреліктің бәрі әдетте бірден өзгеріп сала беріп, кенеттен қарсы жаққа өтіп кетуді
тудырады, ауа райы болсын, өсімдіктер немесе ағзалардың жағдайы болсын осылай
болып шығады. Бұл мемлекеттік құрылыстарда да жиі байқалып жүр.
Әлбетте.
Сірә, шектен тыс еркіндік жеке адам үшін де, мемлекет үшін де ең ақырында
шектен тыс құлдыққа айналып кетеді.
Бұл табиғи нәрсе.
Ендеше, тирания, әрине, басқа бір құрылыстан емес, демократиядан туындайды;
басқаша айтқанда, шектен тыс еркіндіктен өте үлкен және қатаң құлдық пайда болады.
Бұл негізсіз емес.
Бірақ, менің де, сен менен бұл туралы сұраған жоқсың, олигархияда кездесетін
кесел тура осылай демократияны бұрмалап езіп-жаншиды.
Дұрыс айтасың.
Мен мұндай кеселді еш нәрседен тайынбайтын өжет адамдардың жетекшілігімен
ішінде онша батылдары жоқ соңынан ергендердің, біз оларға кейбіреуінің бізгегі бар,
кейбіреуінің бізгегі жоқ жатып ішер деп ат қойдық емес пе, парықсыз және
ысырапшыл етіп ерекше жаратылған адамдардың шығуымен байланыстырған едім.
Бұл дұрыс.
Бұл екі топ та пайда бола салып, ағзаға өт пен қабынудың жасағанындай кез келген
мемлекеттік құрылысқа әлек салады. Жақсы дәрігер мен мемлекеттік заңгер оларға
қарсы тәжірибелі ара асыраушыдан кем емес алдын-ала шара қолдануы керек, — ең
бастысы, жатып ішерлердің пайда болуына жол бермеу үшін, ал егер пайда болған
жағдайда, олармен бірге керезді де кесіп тастау керек.
Зевстің атымен ант етемін, бұны міндетті түрде жасау керек.
Бір нәрсенің бетін ашып алуымыз үшін, біз қазір мыналардың басын айырып
алуымыз керек...
Нелердің?
Демократиялық мемлекеттің үш "бөлігі": жатып ішерлер, байлар және халық
Іштей демократиялық мемлекетті үш бөлікке бөлейік — бұл шындығында да солай.
Бір бөлігі осындай жатып ішерлерден тұрады: олар бұл жерде өз бетімен болудың
салдарынан пайда болса да, олигархиялық құрылыстағыдан кем емес.