251
Мұның тұсында мемлекеттік құрылысты таңдау қолайлы, досым.
Сен неге меңзеп тұрсың?
Ойыңа не келсе, соны жасай алу мүмкіндігі мемлекеттік құрылыстардың барлық
түрлерін құрамына алады емес пе. Сірә, егер кімде кімнің біз екеуміздің сияқты
мемлекет құрғысы келсе, ол демократия билік сүрген жерге баруы керек, ол жерде сан
- алуан басқарулар сатылып жатқан базарға тап болғандай боласың, өзіне ұнағанын
таңдауы керек, ал таңдау жасаған соң, мемлекет құруы керек.
Сірә, ол жерде үлгі тауып алу қиынға соқпайтын болар.
Демократиялық мемлекетте сен бұған қабілетті болғаныңа қарамастан, билікке
қатысуыңның еш қажеті жоқ; қаламасаң бағынуға не болмаса басқалары соғысып
жатқанда сен де соғысуға немесе бейбітшілік өмір сүруі үшін құлшынып тұрмаған
болсаң, басқалары сияқты бейбітшілік шарттарын орындауға міндетті емессің. Содай
кейін, қандай да бір заң сенің билік жүргізуіңе немесе қазылық жасауыңа тыйым салса
да, сенің ақылыңа билеу немесе соттау келсе, сен бәрібір де бұны іске асыра аласың.
Мұндай өмір бір қарағанда керемет, көздің жауын аларлықтай емес пе?
Солай шығар, бірақ ұзақ уақыт сүрмес.
Әрі қарай. Ол жердегі кейбір сотталғандарға деген мейірімділік тамаша емес пе?
Мынадай мемлекеттік құрылыс тұсында сен өлім жазасына бұйырылған немесе
қуғынға ұшыраған адамдардың қоғам ішінде қалғанын және өмір сүріп жүргенін
көрмедің бе: онда ешкімнің шаруасы жоқ сияқты және оның жартылай құдай
болғандай алшаңдап басып жүргенін ешкім елемейді.
Иә, мұндайлар да толып жатыр.
Мұндай жұмсақтылық демократиялық құрылыстың ұсақ-түйек нәрсесі емес;
керісінше, бұл жерде біз мемлекет құрған кезде маңызды деп есептегендеріміздің
бәріне жек көрушілік айқын көрініс берген. Табиғатынан көрнекті емес адам ешқашан
ізгі адам бола алмайды; сол сияқты кішкентайынан — ойын ойнағанда және өзінің
сабақтарында ол әсемдікке жанаспаған болса да солай. Сонымен бірге, демократиялық
құрылыс осының бәрін менмендікпен тартып алып, кімнің қандай қызмет сіңіргеннен
кейін мемлекеттік қызметке ауысатынында шаруасы жоқ. Адамға құрмет көрсетіледі,
ол тек тобырға деген өзінің оң көзқарасын көрсетсе жетіп жатыр.
Иә, өте ізгі мейірімділік!
Осы және осыған ұқсас қасиеттер тиісінше басқаруға ие емес, бірақ ұнамды әрі сан
- алуан құрылыс, яғни демократияға тән. Онда тең және тең емес адамдарды
теңестіруші ерекше тендік бар.
Сенің айтқандарың бізге жақсы таныс.
"Демократия адамы"
Бұл қасиеттердің жеке тұлғада қалай байқалатынына қарасаңшы, я болмаса,
мемлекеттік құрылыстың өзін қарастырғанымыздай, алдымен оның бұл сипаттары
қалай қалыптасатынын қарастырсақ па екен?
Иә, осылай жасауымыз керек.
Бұл мынадай жолмен жүзеге аспай ма: біздің жоғарыда айтып кеткен олигархиялық
құрылыстың құнтты өкілінің ұлы дүниеге келеді және ол өз әкесінің моралы бойынша
тәрбиеленеді.
Иә, сосын?
Ол да олжа табуға емес, дүние шашуға әкеліп соқтыратын құмарлықтарын өзінің
ерік-жігерімен күштеп бастырады; оларды қажеті жоқ құмарлықтар деп атауға болады.
Түсінікті.
Сұқбатымызда көмескілік тудырмау үшін, алдымен қаңдай құмарлықтардың қажет,
қандайларының қажет емес екенін анықтап алсақ қайтеді?