25
біле бермейді. Сондай-ақ, сатып алғысы келетіндердің бәріне көтерме саудамен де,
бөлшек саудамен де қалаларды аралап жүріп білім сатушылар туралы да осыны айтуға
болады, ал өздерінің сатып жүргендерін мақтап, мадақтаса да, бәлкім, достым менің,
олардың кейбіреулері өздерінің сатып жүргендері жан үшін жақсы не жаман екендігін
анық білмейді де; дәл сол сияқты жанды емдеудің білгірі болмаса, олардан сатып
алушылар да білмей қалады. Бұл затта ненің пайдалы, ал ненің пайдалы емес екендігін
білгеніңде Протагордан да, қандай да болсын басқа бір адамнан да, білім сатып алу
саған қауіпті емес; ал егер білмесең, достым менің, өзің үшін ең қымбат нәрсеңнен
айырылып қалмауыңды ойла. Өйткені азық-түлік сатып алудан гөрі білім сатып алу
әлдеқайда күрделі ғой. Саудагерден немесе тасымалдаушыдан азық-түлік пен
ішімдікті сатып алған соң, оларды тамақ пен ішімдік түрінде өз денеңе қабылдардан
бұрын оларды үйде сақтап, нені жеп, нені ішу және нені жемеу, нені ішпеу жөнінде
білетін адаммен ақылдасуға болады. Мұндай сатып алу кезінде қауіп-қатер
соншалықты үлкен емес. Ал білімді ыдысқа құйып алып кетуге болмайды, бағасын
төлеген соң, оны өз жаныңа қабылдауға мәжбүр боласың, сөйтіп, бірдеңе үйренгеннен
кейін не зиян шегуіңе, не пайда табуыңа тура келеді. Мұны біз өзімізден жасы
үлкендеу адамдармен бірге талқылаймыз, өйткені бұл істі талдау үшін біз әлі жаспыз.
Ал енді барайық та, сол адамды тыңдайық; оны тыңдап болып, басқалармен де
әңгімелесейік: ол жерде Протагор жалғыз емес, онымен бірге Гиппий Элидский және
менің ойымша, Продик Ксосский", басқа да көптеген данагөйлер болуы тиіс.
Осылай деп ұйғардық та, біз жүріп кеттік; есікке жетіп тоқтадық та, жолшыбай ойымызға
келген нәрсе жайында сөйлестік. Бұл әңгімені аяқсыз қалдырмай, өзіміз табалдырықты
аттап, ішке кіргенге дейін тәмамдау үшін біз өзара келісіп алғанша есіктің алдында тұрып
әңгімелесе бердік. Бірақ қақпашы — әлдебір әтек — біздің сөзімізді естіп қойса керек, ал
ол софистердің көбейіп кетуіне байланысты осы үйге келушілерді жек көріп қалған
сияқты. Біз есікті тақылдатқан кезде есік ашқан ол бізді көрген бойда:
Тағы да қайдағы бір софистер келіп тұр! Оның уақыты жоқ! — деп дауыстап
жіберді. Сөйтті де, есіктің тұтқасынан қос қолдап ұстаған бойы қатты ашуланып, оны
бар пәрменімен тарс еткізіп жауып тастады.
Біз тағы да есік қақтық, ал ол жауап ретінде жабулы есіктің арғы жағынан:
Әй, сендер, естімей қалдыңдар ма: оның уақыты жоқ!— деп айқайлады.
Ау, жарқыным,— дедім мен,— біз Каллийге келген жоқпыз, оның үстіне біз софист
те емеспіз. Ашуыңды басшы: біз Протагорды көруге келдік. Біз туралы хабарлашы!
Қоймай жүріп, әлгі адамға біз есік ашқыздық. Ішке кірген кезде біз аулада ерсілі-қарсылы
серуендеп жүрген Протагорды көрдік, ал онымен бірге Каллий, Гиппониктің ұлы,
Каллийдің шешесі бір, әкесі бөлек інісі Парал, Периклдің ұлы және Хармид, Главконның
ұлы,— бір жағында, Периклдің екінші ұлы Ксантипп, бұдан әрі Филлипид, Филомелдің
ұлы, кәсіби софист болу үшін оқыған, Протагордың шәкірттері арасындағы ең атақтысы,
мендеялық Антимер — екінші жағында қыдырыстап жүрді. Ал олардың әңгімесіне құлақ
салып артта жүргендердің көбі, сірә, жат жерліктер болса керек,— бұларды Протагор, өзі
қай жерде болса да, әрбір қаладан Орфей сияқты өзінің үнімен сиқырлап, соңынан ерткен
болатын, міне, Протагордың дауысына елтіп бұлар да жүр; бұлардың арасында жергілікті
тұрғындардан да кейбір адамдар болды. Осыларға қарап, Протагордың алдына байқамай
түсіп кетуден сақтанған оларға мен қатты сүйсіндім: Протагор өзімен әңгімелесіп келе
жатқандармен бірге айналымға жетіп бұрылған сайын, әлгі тыңдаушылар келісіп
қойғандай - ақ қақ жарыла жол ашып және шеңбер жасай қатар түзеп, соның соңынан ере
түседі.