Page 249 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

249
Бұдан соң, байқап тұрғаныңдай, осындай сипаттағы адамның қасиеттерімен танысу
үшін және ол туралы өзіңнің пікіріңді білдіру үшін, алдымен демократияны — ол
қалай пайда болады, пайда болған соң қандай ерекшеліктерге ие болатынын қарастыру
керек.
Осылайша біз таңдап алған жолымызбен ілгерілейтін едік.
Олигархия демократияға шамамен былайша өтеді: себеп бұл жерде қайткенде де
барынша бай болу керек деген оймен ұйғарылған ізгіліктің соңынан тойымсыз жүгіру
болып табылады.
Сен мұны қалай түсінесің?
Олигархия тұсында билік басында тұрған бай басшылар жас адамдардың
көргенсіздігін көре тұра оған шек қойғысы келмейді және өздерінің байлықтарын
шашып-төгуіне және түбіне жетуіне тыйым салғысы келмейді; керісінше, басшылар
олардың мал-мүлкін сатып алады яки болмаса оларға одан да бетер бай әрі күшті
болуы үшін пайызбен қарыз береді.
Бұл оларда ең бастысы.
Мұндай мемлекеттің азаматтары үшін байлыққа құрмет көрсету әрі парасаттылық
көрсету мүмкін емес, өйткені бұл жерде бұл болмаса басқасын жаратпаушылық сөзсіз
болады.
Бұған жеткілікті мөлшерде көзіміз жетті.
Олигархиялық мемлекеттерде көргенсіздікке көңіл аудармайды, тіпті оған жол
беріледі, сондықтан барынша ізгі адамдардың өзі ол жерде кедейліктен құтыла
алмайды.
Әрине.
Мұндай мемлекетте, менің ойымша, адамдар жұмыссыз отырса да, олардың шағып
алатын бізгегі әрі қаруы бар; олардың кейбіреулері қарызға белшесінен батқан,
кейбіреулері азаматтық құқықтарынан айырылған, ал кейбіреулерінің басына осы екеуі
де келген; олар енді өздерінің мал - мүлкіне иелік ететіндерге қарсы қарай бастайды,
сондай-ақ басқаларына да жек көрушілікпен қарап, мемлекетте төңкеріс жасауды
ойластыра бастайды.
Иә, бәрі рас
Сол екі арада өз істерімен әлек боп жүрген іскерлер, сірә, мұндай адамдарды
байқамай қалады; олар басқаларына үңіліп қарайды және көнгіш адамдарға берген
өздерінің ақша несиелерімен зиян келтіреді; бастапқы қарыздан көп есе артық пайыз
алып, олар мемлекетте көптеген жатып ішерлер мен жарлы-жақыбайлардың санын
көбейтеді.
Көп болғанда қандай!
Ал енді мемлекетте осындай жамандық ұшқындап тұрған кезде, олар өздерінің
мал-мүлкін қалауынша қолдануға тыйым салу арқылы өртті сөндіруді қаламайды және
басқа заң тиісінше бұл бәлекетті жоятын тәсіл де қолданбайды...
Қандай басқа заң?
Жоғарыда айтылғандарды құптайтын және азаматтарды ізгілікке шақыратын заң.
Өйткені, егер ерікті келісімнің басым бөлігін адамдар өздері басын қатерге тігіп,
тәуекелге бел буып жасауын бұйырса, олжа табуға деген ұмтылыс мынадай
арсыздығымен көзге түспейтін еді және мемлекетте жаңағы жоғарыда айтылып
кеткендей жамандықтардың саны азырақ болатын еді.
Иә, одан да азырақ болатын еді.
Қазіргі кезде осындай жағдайлардың кесірінен басшылар өздерінің қол астындағы
азаматтарды тура осылай айдап салып отыр. Басшыларының өздеріне және олардың
төңірегіндегілерге келетін болсақ, олардың жастары бетімен жіберілген, денесі мен
рухы жалқаулыққа ұшыраған әрі әлсіз; олар не қайғы-қасіретте, не ләззат алуда сабыр
сақтамайды, жалпы алғанда олар әрекетшіл емес.