247
Жаман тәрбие мен нашар мемлекеттік құрылыстың салдарынан пайда болған
надандықтың кесірінен адамдар ол жерде осындай болатынын мойындауымыз керек
емес пе?
Иә, тура осылай есептеуіміз керек.
Міне, олигархиялы мемлекет қандай және ол жерде қаншама жамандық бар
(мүмкін бұдан да көп шығар).
Иә, шамамен осылай.
Ендеше, билігі мүлік цензіне негізделген олигархиялы деп аталатын құрылысты
талқылауымыз осымен бітсін.
"Олигархиялы адам"
Енді бұдан кейін тиісті адамды — ол қалай қалыптасады және оның қандай
қасиеттері бар екенін қарастырайық.
Әрине, бұны қарастыру керек.
Оның тимократиялық құрылыстан олихархиялық құрылысқа өтуі ең алдымен
былай болады...
Қалай?
Одан туылған ұл алдымен әкесіне еліктеуге тырысады, оның ізімен жүреді, сосын
ол әкесінің мемлекетпен тура бір су астындағы жармен соқтығысып қалғандай
кездейсоқ соқтығысып, қолында бар барша нәрсе апатқа ұшырағанын көреді: егер
әкесі стратег болып жүріп, яки болмаса қандай да бір жоғары лауазымды қызмет
атқарып жүріп, жалақорлардың өсегімен сотқа түсіп қалса, өлім жазасына, жер
аударылуға немесе азаматтық құқықтары мен бүкіл мал-мүлкінен айырылуға
бұйырылып кеткен жағдайда қалуы мүмкін...
Әрине.
Мұның бәрін көрген менің досым, қайғылы жағдайға ұшырап, мал-мүлкінен
айырылып, тіпті, менің ойымша, өз қарақан басы үшін қорқып, жүрегінің терең
түкпірінде таққа отырғызған атақ құмарлығы мен өзіне тән ашушаң рухын құлатып
түсіреді. Кедейліктен жуасып қалған ол пайдакүнемдікке, әсіре үнемшілдікке салынып
кетеді де, өзінің еңбегімен жайлап ақша жинай бастайды. Сен мұндай адам таққа өзінің
ашкөздігі мен көзі тоймаушылығын отырғызбай ма, олардың ішінен басына тиара
киген, асыл тастардан алқа таққан, беліңде қысқа қылпы бар Ұлы патша жаратып
алмай ма деп ойлап тұрған шығарсың? Ол бар болғаны өзінің аз ғана қарапайым
қаражатын арттырудан басқа нәрсені ойлай алмайды. Байлық пен бай адамдардан
басқа еш нәрсе оның қызығушылығын ояндыра алмайды, ал оның атақ құмарлық
сезімі тек қана пайдакүнемдікке және осыған әкеліп соғатын нәрселерге бағытталады.
Бозбаланың бойындағы ешқандай өзгеріс сый-құрметке кенелуге деген
сүйіспеншіліктің ақшаға деген сүйіспеншілікке айналып кету жылдамдығына және
күшіне жете алмайды.
Бұл олигархиялық құрылыс тұсында адамның қандай болатынын көрсететін нақты
үлгі емес пе?
Қалай болғанда да, бұл олигархиядан бұрынғы құрылысқа сай адам типінің
бұрмалануының үлгісі.
Онда ол адамның бұған сай келіп немесе сай келмейтінін қарастырайық.
Жарайды.
Ең алдымен бұл жердегі ұқсастық — оның ақшаны өлердей жақсы көретіндігі.
Әрине.
Ол құнтты және әрекетшіл, бұдан басқаға шығын жасамай және өзінің басқа
ындындарын бос әурешілік деп санап, тек қана өзінің аса қажетті деп білетін
тілектерін қанағаттандырады.