245
Жеке адамдардың қоймаларында алтынның жиналып қалуы тимократияны жояды;
олар ең алдымен оны қалай пайдалануды ойлап табады да, соған қарай заңдарды жори
бастайды, заңмен есептесіп жатқан олар жоқ: байлардың өздері де, әйелдері де сөйтеді.
Әлбетте.
Сосын кімнің қай іске икемі бар екенін байқап көріп, бір бірімен бәсекеге түседі,
сөйтіп олар барша халықты өздеріне ұқсатып бағады.
Бұл да солай.
Олар оңай олжа табу жолындағы ілгері жылжуды неғұрлым жоғары бағалай
бастаса, соғұрлым ізгілікті аз құрметтей бастайды. Байлық пен ізгілік те осындай
қатынаста емес пе, оларды таразының екі басына қойсаңыз, біреуі әрқашан басым
болып шықпай ма?
Әрине.
Мемлекетте байлық пен байларға құрмет көрсетілетін болса, ол жерде ізгілік пен
ізгілік иелеріне аз құрмет көрсетіледі деген сөз.
Дұрыс айтасыз.
Ал адамдар құрмет көрсетілген нәрселерге жан-тәнімен беріліп кетеді де, аз құрмет
көрсетілетіндерді менсінбей шығады.
Дәл айттыңыз.
Бұның соңы қайткенде де көзге түсіп қалуға ұмтылып, мадақталудың орнына
ашкөзділік пен дүниеқоңыздыққа деген бейімділік өсіп жетіледі де, байлар не айтса
мақұлданып қабыл алынады — оларға қызығушылықпен қарайды, оларды мемлекеттік
лауазымды қызметтерге тағайындайды, ал кедей ол жерде сый-құрметке ие бола
алмайды.
Әрине.
Мүлік цензін орнату олигархиялы құрылыста заң әрі норма болып шығады: бұл
құрылыс неғұрлым олигархиялы болса, соғұрлым ценз жоғары; неғұрлым аз
олигархиялы болса, ценз соғұрлым төмен болады. Алдын ала белгіленген мүлік цензі
болмаған адамдар билікке жіберілмейді деп жарияланады. Мұндай мемлекеттік
құрылыс әскери күш қолдану арқылы берік түр не болмаса қорқыту арқылы одан
бұрын орнатылған. Осы айтқаным рас емес пе?
Иә, рас.
Қысқасы, ол дәл осылай орнатылады.
Иә. Ал енді оның бағыты қалай болғаны және жаңа айтып кеткеніміздей, оған тән
кері кетушіліктің себебі не?
Ең басты шикілік — ол оның негізін құрайтын норма. Өзің қарашы: егер
кемелердің рулін ұстаушыларды мүлік цензі бойынша тағайындайтын болсақ, ал
кедейге кеменің рулін басқару ісін одан да жақсы біле тұрса да, руль ұстауға рұқсат
бермейтін болсақ...
Кемені әрі қарай жүргізудің ешқандай пайдасы болмайтын еді!
Басқаруды керек ететін кез келген іс осылай емес пе?
Меніңше де осылай.
Мемлекетті қоспағанда ма? Әлде, мемлекетте де солай ма?
Оны басқару өте қиын болғандықтан, одан да көп, ал мына жұмыстың маңызы өте
үлкен.
Міне, көрдіңіз бе, бұл олигархияның ең бірінші ірі кемшілігі болатын еді.
Солай көрінеді.
Сонда қалай, бұдан кейінгісі маңызды емес пе...
Бұдан кейін не бар?