Page 243 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

243
мұның бәрін сақтауы үшін қоймалары мен үйде сақтайтын орындары болады, олар
үйлерін тура бір өздерінің ініндей қып қоршаумен қоршап тастайды, олар ақшаның
бетіне қарамай, әйелдерге және кім көрінгенге шашады.
Тура солай.
Ақшаға бас ұрғаны үшін болуы керек, олар үнемшіл боп келеді; олар өздерінің
байлықтарын жасырады әрі басқалардың есебінен өмір сүруге кет әрі емес. Олар қатал
әкеден қашқан балалар сияқты, заңнан да қашқақтап, жасырын көңіл көтереді, өйткені
олар наным-сеніммен емес, зорлық-зомбылықта тәрбиеленді ғой, өйткені олар
шынайы Музаның шешендік пен философия саласын менсінбеді, ал дене шынықтыру
жаттығуларын музыка өнерінен де жоғары орынға қойды.
Сен жамандық пен жақсылық түгелімен араласып кеткен мемлекет құрылысы
туралы айтып тұрсың ба?
Шынында да, онда бәрі араласып кеткен; бір-ақ нәрсе көзге түседі — бәсекелестік
пен атақ құмарлық, өйткені ол жерде ашулы рух билік жүргізеді.
Бұл өте күшті байқалады.
Мұндай мемлекеттік құрылыс тура осылай және осындай түрде пайда болады,
солай емес пе? Мен оны тек жалпылай сипаттап баяндап бердім және толық мағлұмат
бермедім, өйткені ол жерде әділдігімен ерекшеленетін немесе, керісінше, өте әділетсіз
адам қандай болатынын байқауға болады, ал бүкіл билік жүргізушілер мен бүкіл мінез-
құлықтарды ештеңесін қалдырмай, егжей-тегжейлі қарастыру өте ұзақ жүретін жұмыс
болар еді.
Бұл рас.
"Тимократиялық адам"
Бұл мемлекеттік құрылысқа сәйкес адам қандай болады екен? Ол қалай жетіледі
және оның мінез-құлқы қандай болады?
Меніңше, — деді Адимант, — ол өзінің қайткенде де міндетті түрде көзге түсуге
ұмтылысы бойынша біздің Главконға ұқсайды.
Бұл да мүмкін, алайда, меніңше, оның мына жері Главконнан өзгеше...
Қай жері?
Ол қатаңдау, білімі төмендеу және білімділікті бағаламаса да, ол басқаларды шын
көңілімен тыңдай біледі, бірақ өзі ешқандай сөз сөйлей алмайды. Мұндай адам
жеткілікті мөлшерде тәрбиелі болғаны үшін, құлдарын жек көрмесе де, оларды қатал
ұстайды; еркін адамдармен сөйлескенде кішіпейіл, ал билік басындағыларға қатты
құлақ асады; билікке және атаққа құмар болғаны үшін, ол биліктің іргетасы шешендік
немесе осыған ұқсас қабілет емес, әскери ерліктері мен жалпы әскерге байланысты
барлық нәрсе деп біледі, өйткені ол гимнастиканы да, аңшылықты да жақсы көреді.
Иә, мұндай мемлекеттік құрылыста тура осындай мінез жетіліп өседі.
Мұндай адам жас кезінде ақшаға жиіркенішпен қарайды; ал жасы ұлғайған сайын
ол ақшаны жақсы көре бастайды — бұл жерде оның байлыққа деген табиғи
құштарлығы мен жақсылықтан мақұрым аралас мінезі көрініп қалады, өйткені оны
айбынды сақшысы тастап кетті.
Бұл қандай сақшы болғаны? — деп сұрады Адимант.
Білімділік пен үйлесімді шешендік; тек қана осы екеуінің бар болуы бүкіл өмірі
бойынша бойында ізгілігі бар адам үшін құтқарушы болады.
Керемет айтылған!
Ал мына бозбала өзінің тимократиялық мемлекетіне ұқсайды...
Айнымайды.
Оның мінезі шамамен былайша жетіледі: кей кезде бұл нашарлау құрылған
мемлекетте өмір сүріп жатқан жақсы адамның ересек ұлы және сондықтан да