23
келеді? Өзің үшін ақша төлеу үшін, айталық, Асклепиадтардың бірі, өзіңнің аттасың
Гиппократ Косскийге баруды ойластырған екенсің делік, сонда әлдекім сенен:
"Айтшы, Гиппократ, міне, сен анау Гиппократқа ақша төлейін деп тұрсың, бірақ неге
сен нақ осы кісіге төлейсің?" — деп сұрағанда, сен не деп жауап берер едің?
Ол дәрігер болғандықтан дер едім.
Ал егер өзің үшін ақша төлеу үшін сен аргостық Поликлетке немесе афиналық
Фидийге бармақ болсаң, сен оларға неге осыншама ақша төлеуді ұйғардың деп әлдекім
сенен сұрай қалса, не деп жауап берер едің?
Олар мүсінші болғандықтан дер едім.
Яғни, сен өзің кім болуды қалайсың?
Әрине, мүсінші болғанды.
Солай-ақ болсын,— дедім мен,— Ал міне енді, егер Протагорды көндіру үшін
біздің қаржымыз жетсе, сен екеуіміз сол кісіге барып, оған сен үшін ақша төлеуге
әзірміз делік, ал қаражатымыз жетпейтін болса, достарымыздан да қарызға ала
тұрамыз. Егер осы табандылығымызды көрген әлдекім бізден: "Сократ пен Гиппократ,
маған айтыңдаршы, сендер Протагорды кім деп санайсыңдар және оған ақшаны не
үшін төлегілерің келеді?" — деп сұраса, біз оған не деп жауап қайтарған болар едік?
Фидийді мүсінші, ал Гомерді ақын деп атайтыны сияқты, Протагор туралы сөз еткенде
оны қалай атайды? Бұл орайда біз Протагор жайында не естиміз?
Сократ, бұл адамды софист деп атайды.
Ол софист болғандықтан, біз оған ақша төлеуге бара жатырмыз ба?
Әрине.
Ал егер сенен: "Әйтеуір Протагорға бара жатыр екенсің, өзің кім болуды
көздейсің?"— деп сұрай қалса.
Гиппократ қызарып кетті, таң ағарып қалған еді, сондықтан мұны байқауға болатын.
Егер бұрын айтқандарымнан алшақтамайтын болсам,— деп жауап берді ол, —
менің софист болғым келетіні анық.
Эллиндердің арасында,— дедім мен,— сенің софист болып шыға келгенің,
құдайлармен ант етейін, өзіңе ұят болмас па еді?
Егер ойымдағыны айтсам, Сократ, Зевспен ант етейін, ұят.
Сірә, Гиппократ, сауат ашудың, кифарада ойнаудың немесе гимнастиканың
мұғалімінде оқығаның сияқты Протагорда да өзгеше оқуыңа тура келеді деп ойлайтын
шығарсың? Өйткені осы пәндердің әрқайсысын жеке әрі еркін адам ретінде өзіңнің
болашақ шеберлігің үшін емес, тек оз біліміңді көтеру үшін ғана оқыпсың ғой.
Әрине,— деді Гиппократ,— меніңше, Протагордың оқытуы көбіне осы тектес
болып келетін сияқты.
Ендеше не істегелі жүргеніңді өзің білемісің немесе бұл саған айқын емес пе? —
деп сұрадым мен.
Сен не жайында айтып тұрсың?
Сен өз жаның жөніндегі қамқорлықты, өзің айтпақшы, софистке тапсырмақ
сыңайдасың, бірақ шынымды айтсам, егер сен софист дегеннің не екенін білетін
болсаң, мен қатты қайран қалған болар едім. Ал саған бұл беймәлім болғандықтан, сен
кімге және не үшін — жақсыға ма, жаманға ма - жаныңды сеніп тапсырмақ екеніңді де
білмейсің.
Мен білемін деп ойлаймын,— деді Гиппократ.
Ендеше айтшы, сеніңше, софист деген кім?
Бұл сөздің мағынасына қарағанда, мен софист — даналық, заттар төңірегіндегі
білгір адам деп ойлаймын.