Page 227 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

227
осындай адамдардың арасында не істейді? Оның бойында ерекше талаптар пайда
болмай ма? Ол өзін эллиндердің де, тағылардың да істерімен айналысуға қабілеттімін
деп ойлап қалмай ма, менмендікке және ақылға жатпайтын бос өзіндік дандайсулыққа
салынып, өзін жоғары санап кетпей ме?
Бұның барлығы әбден мүмкін.
Егер кімде-кім, оның бұндай жағдайына қарамастан, оған жақын келіп, шындықты,
яғни, оның ақылы жоқ екенін, ақыл жинау оған артық болмайтынын, ақылға ие болуға
тек оны мақсат етіп қойған кезде ғана қол жеткізуге болатынын айтса, — осындай көп
бәлелердің арасында бұндайды тыңдау оған оңай дейсің бе?
Оңай емес.
Егер, кімде-кім тіпті бір адам, өзінің жақсы табиғатына және осындай ілімдерге
жақындығына қарай, философияға қарай, оған деген ынтызарлықты сезініп, бет бұрса,
оның қарсыластары оны одақтас ретінде пайдалану мүмкіндігінің жоқ екенін түсініп
қалай әрекет етуі мүмкін? Олар оны алған бетінен қайтару үшін, оның тәрбиешісі
жетістікке жетпеуі үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасап бақпай ма? Олар жеке
жерде де, қоғамдық жерде де оны сотқа тарта отырып, зиянкестік жасамай ма?
Ол сөзсіз.
Ондай адамның философиямен айналысуы мүмкін бе?
Мүмкін емес.
Көрдің бе, біз философиялық жанның ерекшеліктерінің өзі сонда: нашар
жағдайларға тап болған кезде, адамның онымен жаттығуды тастап кетеді; оның себебі
игілік, байлық пен кез-келген қамтамасыздық да болуы мүмкін деп біз өткенде жаман
айтпаппыз.
Бұл дұрыс айтылған.
Міне, құрдым қайда жатыр, достым, парасатты қызмет жасауға арналған керемет
жандардың бұзылуы оп-оңай! Жалпы, біз анықтағандай, ондай жандар өте сирек.
Олардың арасында мемлекеттерге, жеке адамдарға үлкен зұлымдық әкелетіндер де,
қайырымдылық жасайтындар да бар; ұсақ жан ешқашан мемлекетке де, жеке
адамдарға да пайдалы ешнәрсе жасамайды.
Нағыз шындық.
Осылай, философиямен шын мәнінде айналысуға тиіс адамдар одан кеткен кезде,
ол жалғыз қалады, ал философтар өздеріне лайық та, ақиқат та өмір сүрмейді.
Жетімсіреп, өзіне сай адамдардан айрылып қалған соң, философияға басқа, оған тіпті
де лайықты емес, адамдар келеді. Олар оны масқаралайды және оған кейін барлық
кінәні соның басына төндіреді, сенің сөзіңе қарағанда, оны жамандайтындар, онымен
ешнәрсеге тұрмайтындар немесе көпшілік жағдайда ең жаман нәрселерге лайық
адамдар айналысады.
Шындығында, ол туралы солай дейді.
Дұрыс айтады да. Өйткені кейбір адамдар бұл аумақтың босап қалғанын байқап
қалады, сол арада қараңғыдан жарыққа қарай қашқандай, қуанып, әсіресе, өзінің түкке
тұрмайтын кәсібінде епті болса, өз кәсібінен философияға секіреді — философия
осындай жағдайда болса да, бірақ басқа кәсіптерге қарағанда бәрібір ол құрметке ие,
сонысымен де ол өзінің табиғатында жетілмеген адамдарды өзіне қызықтырады;
олардың денесі өндірістен жарақаттанған, жандары да дөрекі еңбектен шаршаған; бұл
сөзсіз болатын нәрсе.
Иә, сөзсіз болатын нәрсе.
Оның байыған, таз және тапал, жуықта түрмеден шығып, моншаға жуынып, өзіне
жаңа плащ сатып алып, сәнденген тұп-тура күйеу жігіт сияқты — ұстаздан қандай
айырмашылығы бар? Иә, ол кедейлігін және дәрменсіздігін пайдаланып, өзінің
қожайынының қызына үйленбек ойы бар.
Ешқандай айырмасы жоқ.