219
Солай болар. Сонымен қатар, меніңше әділетті өмірдің әділетсіз өмірден
айырмашылығының неде екенін қарастыру кезінде басқа көптеген нәрселерге көңіл
бөле бермей, тек бір нәрсеге ғана тоқталғанда бұны анықтау оңайырақ болар еді.
Ал бізде одан кейін не болуы керек?
Ретпен келетін нәрседен басқа не болушы еді? Егер философтар мәңгілік өзіне
бара-бара нәрселерді ұғына алатын адамдар болса, ал басқалар олай істей алмайды
және көптеген әр түрлі заттардың арасында адасып, бір орнында тұрып қалады,
сондықтан да олар философтар емес десек, онда осылардың қайсысы мемлекетті
басқаруы керек деген сұрақ туады.
Біз бұған қалайша орынды жауап берсек екен?
Кім заңдарды және мемлекеттің салт-дәстүрін қорғауда қабілеттілік танытса,
соларды сақшы етіп тағайындау қажет.
Бұл дұрыс.
Қандай сақшыға — соқырға ма, әлде көзі өткір адамға ма, кез-келген күзетті
тапсыруға болатыны анық па?
Әрине, анық.
Ал кез-келген заттың мәнін білмейтін және жанында оның анық бейнесі жоқ
адамның соқырдан қай жері артық? Олар суретшілердей жоғарғы ақиқатты тани
алмайды және оны көз алдынан жоғалтпай, қайта-қайта мүмкіндігінше мұқият
қайталай алмайды, сондықтан олар керек кезінде сұлулық, әділеттілік, жақсылық
туралы жаңа заңдарды анықтап, ал бұрыннан барын сақтап қала алмайды.
Иә, Зевспен ант етемін, олардың соқырлардан онша артықшылығы жоқ.
Сонымен, біз кімді сақшы етіп қоямыз — соларды ма, әлде тәжірибелілігі жағынан
да, басқа да ізгіліктің барлығы жағынан басқалардан қалыспайтын, әр заттың мәнін
түсінетін адамды ма?
Бұлар ешбір кем болмаса, оның үстіне өте үлкен артықшылығымен ерекшеленсе,
басқаларды сайлау қисынсыз болар еді.
Бізге олардың қандай жолмен осыған жеткендігін және басқаға ие болатынын
көрсетсек болар ма екен?
Әрине, солай жасау керек.
Осы пікіріміздің басында біз алдымен бұл адамдардың табиғатын түсіндіруіміз
керек дегенбіз. Мен ойлаймын, егер осыған байланысты біз келісімге келсек, онда бұл
адамдардың екі бірдей айтылған қасиетке ие бола алатынына және мемлекет
басқарушылар басқалар емес, осылар болуы тиіс екеніне де келісеміз.
Сен бұны қалай түсінесің?
Философиялық жанның қасиеттері
Философтардың табиғатына келсек, ол біз айтқан, мәңгі мәнді және туылу мен
күйреулерге өзгермейтін болмысты түсіндіретін танымға құштар екеніне келісуіміз
керек.
Иә, онымен келісу керек.
Және де, олар барлық болмысқа, оларға қаншалықты бағыныштылығына
қарамастан, оның кішкене болсын, үлкен болсын, аз болсын, құнды болсын, бәрібір
құлшынады, яғни, біз ертеде мысалдардан көрген атаққұмар және әр нәрсеге
құмартқыш адамдар сияқты.
Сенікі дұрыс.
Оның соңында біз айтқандағыдай адам болу үшін өзінің мінезінде келесі қасиеттер
болуы керек.
Дәлірек айтқанда, қандай?