210
олардың батылы бармас еді ғой. Жеңгендер жеңілгендердің еңбектерінің жемісін
тартып алса, соның өзі де жеткілікті ғой, бірақ та олар мақсат бейбітшілік құруда
екенін ұмытпасын: мәңгі соғыса бермек пе олар!
Мұндай ойлар салты анаған қарағанда әлдеқайда игіліктірек.
Не сонда? Сен құрмақ мемлекет эллиндік болмаушы ма еді?
Ол сондай болуға тиіс.
Ал оның азаматтары айбынды және тәрбиелі болмай ма?
Әрине, болады.
Әлде олар Элладаны отаны санап және басқалармен бірге қасиетті мерекелерге
қатынасып, барлық эллиндік дегенді сүймеуші ме еді?
Сөзсіз, сүйеді.
Эллиндермен келіспеушілікті өздерінің туысқандарымен болғандықтан олар ұрыс-
керіс санап, соғыс деп атамайтын болар?
Иә.
Дау-дамайдың ара-арасында олар бейбітшілікті есте ұстайтын болар?
Әрине.
Өз қарсыластарын олар жазасына құлдыққа айналдырмай және өлім-жітімге
жеткізбей игі ниетпен ақылға көндіреді — олар жау емес, зерделі кеңесшілер.
Бұл солай.
Олар эллиндер болғандықтан, Элладаны мүлде құртпайды немесе онда үйлерді
өртемейді; олар кез келген мемлекетте барлығын — еркектерді де, әйелдерді де,
балаларды да — өз жауы деп санауға келіспейді, ол жау деп аз ғана адамдарды — дау-
дамайға кінәлілерді ғана санайтын болады. Сондықтан да, әйтеуір азаматтардың
көпшілігіне қарсы ештеңені де түймегендіктен, оларда елді құртуға, үйлерді бұзуға
деген ықылас болмайды, ал дау-дамайды да олар еш кінәсіз қиыншылықты басынан
кешіп жүргендер түптің түбінде кінәлілерді жаза тартуға мәжбүр еткенге дейін ғана
жалғастырады.
Біздің азаматтар өз қарсыластарына дәл осылай қарауға, ал варварларға эллиндер
бір-біріне қазір қалай қараса, дәл солай қарауы тиіс екенімен мен келісемін.
Біз сақшылар үшін: елді құртпау керек және үйлерді өртемеу керек деген заңды да
бекітеміз.
Иә, мұны, бұрындары айтқанымызды қалай жақтасақ, дәл солай жақсы деп
шешеміз.
Бірақ меніңше, Сократ, егер бұл заттар туралы саған айтқызып қойып отыра
беретін болсақ, осыған көшіп, бұрынырақ туған сұраққа беретін жауапты кейінге
қалдырып кеткеніңді сен есіңе де алмауың мүмкін, ал ол сұрақ мынандай: мұндай
мемлекеттік құрылыс іске аса ала ма және бұл қалайша мүмкін болмақ? Егер де мұның
бәрі іске аса қалатын болса, дәл сол мемлекет үшін бұл сөзсіз игілік болып табылар еді
ғой. Мен сен айтпай кеткен артықшылықтарды да атайын: мұндай мемлекеттің
азаматтары дұшпанмен асқан айбындылықпен соғысар еді, себебі олар өз адамдарын,
олардың бір-біріне аға-інілер, әке мен балалар болып келетінін біле тұра және де солай
деп айта тұра, ешқашан да бәледе қалдырмас еді. Ал егер әйелдер де — сол қатардың
өзінде ме әлде сәл кейіндеу жүріп пе, жаудың зәре-құтын қашыру үшін бе, немесе
әлдебір көмек көрсету керек болғанда ма, жорықтарға қатынасар болса, — осының
бәрінің арқасында біздің азаматтар жеңілмейтін болатынына мен сенімдімін. Үй
ішінде болатын игіліктер туралы айтпай-ақ қояйын — олардың қаншама болатынына
көзім жетеді! Егер де осы мемлекеттік құрылыс іске асатын болса, мұндай игіліктердің
— тіпті толып жатқан басқаларының да — болатыны жөнінде мен сенімен толығынан
келісетіндіктен, сен ол туралы енді айтпай-ақ қой, ал біз өзімізді өзіміз мұның мүмкін
екеніне сендіруге және қалайша мүмкін екенін түсіндіруге тырысып бағайық та, ал
қалғанының бәрін былай қоя тұрайық.