Page 19 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

19
Баз біреу, мүмкін, былай дер: "Сократ, бізден кеткен соң үндемей жүріп-ақ, жайбарақат
өмір сүруге болмай ма?"
Біразыңызға тап осыны ұқтыру бәрінен де қиын болып тұрған жоқ па? Үндемей жүру мен
үшін құдайдың әміріне қарсы болу екенін, ал онда жайбарақат жүре алмайтынымды
айтсам, оған сіздер нанбайсыздар. Күнбе-күн адамдармен жақсылықтың не екені, басқа да
қасиеттер жөнінде сұхбаттасып, өзіңді де, басқаларды да сол өлшеммен айқындап
жүргеннен артық не бар! Онсыз өмір деген өмір ме десем, көбіңіз онан да бетер сенбейсіз.
Сонда да болса, шындық тап осы.
Ақшам болса, айып пұл да төлей салар едім, одан менің түгім де кетпес еді. Бірақ ол жоқ.
Дегенмен, мен бір мина күміс төлейтін жағдайым бар. Сонша - ақ болсын, онда. Бірақ
осында отырған Платон және Критон, Критобул, Аполлодор отыз мина айып пұл төлеуді
ұсыныңыз дейді, ақшаны төлеуді өз мойындарына алып отыр. Онда солай-ақ болсын, ал
кепілдік беріп отырғандар сенімді адамдар.
Өлім жазасына үкім қабылдағаннан кейін
Онсыз да төрінен көрі жақын адамды өлімге қиғандарыңыз үшін афиналықтар, енді сіздер
туралы жаман лақап тарайды. Әшейінде де біздің қаламыз туралы өсек сөзге үйір адамдар
енді сіздерді іштеріндегі ең дана адамды өлтірдіңдер деп айыптайтын болады, мен дана
болмасам да, олар солай дейтін болады. Егер сіздер біршама уақыт күте тұрғандарыңызда,
бәрі де өзінен өзі болатын еді; көріп тұрсыздар ғой, менің әбден қартайған адам екенімді,
ажалымның жақын екендігін. Мұны мен бәріңізге емес, мені өлімге бұйырғандарға айтып
тұрмын. Оларға тағы да бір нәрсе айтпақпын: сіздер мен жеткілікті дәлелдер, сіздерге
жағатын жарамсақтық сөздер таба алмағандықтан, өлімге бұйырылдым деп ойлайтын
шығарсыздар? Тіпті олай емес. Егер меңде бірдеме жетіспесе, ол — ұятсыздық, ұятсыздық
өлермендігі. Ондайды сіздер көріп үйренгенсіздер. Мен ондай арсыздықты өзіме лайық
деп тапқан емеспін. Өлімнен олай құтылғаннан, өзіңді адам атына лайықты ұстай біліп
өлгенің артық. Жай өмірде де, соғыста да өлімнен ақ жол мен қара жолды ажыратпай
құтыла беруге болмайды. Өлімнен құтылудың жолдары көп, бірақ оның бәрі бірдей адам
затына жарай бермейді.
Өлімнен құтылу, афиналықтар, оңай, бірақ арамдықтан құтылу қиын. Өлімнен көрі
адамды арамдық тез қармайды. Мені, қартайған әрі енжар адамды, өлім қармады, ал менің
айыптаушыларымды, әрі күшті әрі шапшаң адамдарды, арамдық қармады. Бұл жерден мен
өлімге бұйырылып кетіп барамын, ал мені айыптаушылар зұлымдықтары мен әділетсіздігі
айқындалып барады. Солай болуы тиіс те еді және ол бірден бір дұрыс.
Ал енді, афиналықтар, мені өлімге байлағандар, мен сіздердің келешектеріңізді болжайын.
Маған да адамдарда өлім алдында болатын көрегендік қасиет келген сияқты. Ал, мені
өлтіргендер, мен былай деймін. Зевстің атымен ант етем, мен өлгеннен кейін-ақ, сендер
маған тартқан өлімнен де жаман бір жазаға ұшырайсыздар. Осы қиянатты істеп алып,
одан әрі өз өмірлерің қақыңда қандай болса есеп беруден құтылдым деп ойлайсыздар ғой,
ал іс жүзінде бәрі керісінше болады: сіздерді әшкерлеушілер көбейе береді, мен оларға
тосқауыл едім. Әшкерелеушілер неғұрлым жас болған сайын, олардың айыптаулары
ауырлай түседі. Шынында да, адамдарды өлтірумен өздеріңіздің жалған өмірлеріңізді
масқаралауды тиып аламыз деп ойлайсыздар ғой, олай болмайды, адасасыздар. Өзіңді
олай қорғау жамандығынан басқа әлсіз де, ал әрі дұрыс, әрі берік жол мынау: басқалардың
аузына қақпақ қоюдың орнына, өзің жақсы болуға тырыс. Осыны айтып, мен енді
сіздермен, мені өлімге үкім шығарғандар, сөзімді доғарамын.