Page 189 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

189
Әрине.
Зинақорлық, ата-ананы қадірлемеу, құдайларды құрметтемеу — бұның бәрі
басқаның бәріне тән болса да тек оған келмейді.
Иә, кез келген басқаға тән.
Ал осының бәрінің себебі әр қайсысындағы бастаулар басқару мен бағынуға
қатысты өз ісін атқаруда емес пе?
Иә, басқа ешнәрсе емес, себебі сол.
Ал енді сен әділеттілікті адамдармен мемлекетті басқа емес, тап солардың өзі
ететін күш емес басқа бөтен бір нәрсе болғанын қалайша қалайсың?
Зевс атынан ант етемін, мен оны қаламаймын.
Яғни, біз аңғарып жүргендей түсімізге кірген дүние орындалды: мемлекетті
қалыптастыруға кіріскен бойда біз кейбір құдайдың арқасында әділеттіліктің бастауы
мен үлгісі болатын аяғы ендік.
Сөзсіз.
Яғни, Главкон, өзінің табиғи қабілеттері бойынша етікшілікке жарайтын тек
етікшілікпен айналысқаны дұрыс және басқа ешнәрсемен айналысқаны қажет емес, ал
кім ұсталыққа жараса — ұсталықпен айналыссын деген біздің тұжырымымыз
әділеттіліктің белгілі бір бейнесі (сол үшін де ол пайдалы). Басқа жағдайлар да дәл
солай.
Сірә, ол солай.
Шынында әділеттілік бізде осындай түрде болатын, бірақ адамдардың сыртқы
көріністері мағынасында емес, ол адамның өзіне және өзінің қабілеттеріне шынайы
ішкі әсер түріндегі мағынада. Ондай адам өзінің жан дүниесіндегі бастаулардың
ешқайсысына өзгелердің міндетін атқарумен немесе бір-біріне өзара іске араласумен
айналысуға рұқсат бермейді: ол бұл бастаулардың әрқайсысына тиісті қасиеттерді
бөліп береді; ол өзін игереді, өзін тәртіпке келтіреді және өз-өзіне дос болып келеді, ол
үйлестіктің үш негізгі үш — жоғарғы, төменгі, ортаңғы, егер керек болса аралық үндер
сияқты өз жанының үш бастауын бір-біріне қиюластырады; осылардың бәрін біріктіре
байланыстырады және осы көп түрліліктен өзіндік бірлікке, парасаттылыққа және
жөнге салынғандыққа жетеді. Ол өз істерінде осындай: олар меншікке ие болу, денені
күту, мемлекеттік істер немесе жеке келісімдер болсын. Осылардың бәрінде
көрсетілген жағдайды сақтауға мүмкіндік туғызатын іс-әрекетті ол әділетті және
керемет деп есептейді, ал даналық деп ол осының бәрін бұзатынды атайды, ал олардың
жетекшілерін білімсіздер деп атайды.
Сократ, сен әбден дұрыс айтасың.
Әділетті мемлекет және әділетті адам
Ал енді, — дедім мен.— Егер біз әділетті адам мен әділетті мемлекетті
анықтағанымызды және ондағы көрініс берген әділеттілікті мойындасақ, онда біз өте
жаңылысқан жоқпыз деп ойлаймын.
Зевс атынан ант етемін, олай көрінбейді.
Яғни біз мұны мойындаймыз.
Солай болсын. Осыдан кейін мен әділетсіздікті қарастыру керек деп ойлаймын.
Бұл анық.
Ол көрсетілген үш бастаудың басы бірікпеуінде, алаңдаушылықта, басқаның
істеріне араласушылықты, жанға толығымен үстемдік етуді мақсат еткен жанның бір
бөлігінің бүлігінде емес пе? Дегенмен өз табиғаты бойынша әділетсіздік үстемдік
етуші бастаудың құлдығында болған лайықты. Әділетсіздік жөнінде біз не
тұжырымдаймыз: ол жанның әр түрлі бөлігінің абыржуы мен адасуы, олардың
жүгенсіздігі мен қорқақтығы, сонымен қоса білімсіздігі — яғни барлық зұлымдық.