Page 187 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

187
Сенің салыстыруың өте сәтті. Өйткені біздің мемлекетімізде біз оны күзетші иттер
сияқты қызмет етуді қорғаушыларға жүктедік, ал басқарушылар малшылар сияқты.
Мен не айтқым келді сен соны жақсы түсіндің, бірақ мынаған назар аудар...
Атап айтқанда?
Рухтың өрлігі туралы біздегі түсінік хақында айтылғандарға қарама-қарсы. Бұрын
біз оны ындындық бастаулармен байланыстырдық, ал енді тіптен ондай емес екен
дейміз, себебі адамның жанында пайда болған жанжалда өрлі рух зерделі бастауды
жақтап қаруын көтереді.
Сөзсіз.
Сонымен ол одан өзгеше ме, жоқ әлде зерделі бастаудың бір түрі ғана ма, яғни
жанда [бастаудың] екі ғана зерделі және ындын дейтін түрлері бар ма?
Немесе мемлекетте оны қалыптастыратын үш түрлі бастау бар ма: іскер, қорғаушы,
кеңесші, ал жанда да үшінші бастау, яғни өрлі рух бар ма? Егер жаман тәрбиемен
бұзылмаса өз табиғаты бойынша ындынды бастаудан айырмашылығы бар екені белгілі
болғандай.
Міндетті түрде үшінші бастау болу керек.
Иә, тек егер ындындық бастаудан оның өзгеше екендігі анықталғандай оның енді
зерделі бастаумен де бара-бар еместігі анықталып жатпаса.
Мұны анықтау қиын емес. Кішкентай балалардың мысалынан байқауға болатыны
— олар дүниеге келісімен ашу-ызаға толы болады, дегенмен олардың көбісі, меніңше,
пайымдау қабілетіне қатысты емес, ал көпшілігі оған кейінірек қатысты бола
бастайды.
Иә, Зевс атымен ант етемін мұны сен жақсы айттың. Оған қосымша хайуандарға
қарасақ, мәселенің сен айтқандай екенін байқаймыз. Біз алдында келтіріп
кеткеніміздей Гомердің жырларынан оны анық байқай аламыз:
Ол өз кеудесін соқты және ызаланған жүрегіне айтты...
Гомер бұл жерде екі әр түрлі бастаудың бір-бірін кінәлайтынын анық айтты, яғни
ненің жақсы немесе жаман екенін талқылайтын бастау ақылсыз дүлей бастауды сөгеді.
Сен өте дұрыс айтып тұрсың.
Сөйтіп, қиындықпен болса да біз бірақ мұның бәрін жеңдік және мемлекет пен
әрбір жеке адамның жан дүниесінде біркелкі бастаулар бар және олардың саны да
бірдей деген тәп-тәуір қорытындыға келдік.
Иә, ол солай.
Яғни, міндетті түрде мынау болу керек: мемлекеттің даналығы неде білінсе жеке
адамдарда да сол нәрседе байқалады.
Әрине.
Қалай өз жүректілігін жеке адам білдірсе, дәл солай мемлекет те білдіреді. Екеуі де
қайырымдылыққа қатысты нәрселердің бәріне бірдей ие.
Иә, бұл қажет.
Главкон, жеке адамның әділеттілігін мемлекетте әділеттілік қалай жүзеге асқанына
қарап мойындаймыз, — деп мен ойлаймын.
Бұл да әбден қажет. Бірақ біз өзіміздің мемлекетіміз оның үш сословиясының өз
ісімен айналысқанда ғана әділетті деп саналатындығын ұмытқан жоқпыз.
Меніңше, ұмытқан жоқ сияқтымыз.
Яғни егер әрқайсымыздағы өзімізге тиіс [бастаулар] өз ісін жүзеге асырған
жағдайда ғана біздің әр қайсымыз әділетті және өз ісін атқара алады дегенді есте
ұстауымыз керек.
Оны мықты есте ұстау керек.