Page 17 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

17
айыптарын айтпас па еді? Олардың өзі болмаса әкелері, туыстары айтпас па еді? Олардың
біразы қазір осында да отыр, көріп тұрмын: біріншіден, мынау, Критон менің құрдасым,
бір демнанбыз, мынау отырған Критобулдың әкесі: сфеттийлік Писаний, мынау Эсхиннің
әкесі, Эпигеннің әкесі кефисийлік Антифон, ал анау ағалары менімен көп уақыт өткізген
Феозотидтың ұлы Никострат, Феодоттың інісі, Феодоттың өзі дүние салған, сондықтан ол
інісін азғыра алмайды; Демодоктың ұлы Парал, Феагтың бауыры; мынау Аристонның ұлы
Адимант, мынау Платон оның бауыры; және Эантодор, мынау Аполлодордың бауыры.
Мен тағы да коп адамдарды атауыма болады, Мелет өз сөзінде осылардың біреуін
куәлікке тарта алар еді, егер осыған дейін мұны ұмытқан болса, қазір сөйтуіне болады,
мен қарсы болмаймын, айтсын, егер айтатыны болса. Афиналықтар, олардың Мелетті
емес, керісінше, мені, азғындатушыны, ақтауға дайын екеніне көздеріңіз жетеді. Менен
азғындағандар мені жақтауға мүдделі екен дейік, ал олардың әке-шешелері, туыстары мені
ақтайды деуге қандай негіз бар? Егер, әрине, мен шынымен оларды теріс жолға салсам.
Жарайды, бұл жөнінде енді жетер, афиналықтар! Өзімді ақтау үшін айтатынымды айтып
болдым ғой деймін.
Бәлкім, бәз біреулер, кезінде болмашы - ақ айыптаумен сот алдында жауап беріп,
жалынып-жалпайып, соттың да жұртың да аяныш сезімін тудыру үшін балаларын,
туыстарын алып келіп жазадан құтылғандар, менің қазір ондай мінез көрсетпегеніме
жындары келуі де мүмкін, сол үшін маған қарсы дауыс бергісі келер, мен олай деп
ойлағым келмейді, бірақ, дегенмен, ондайлар болса, мені түсінсін, ісім қатерлі бағыт алар
болса да, мен ондай қылықтарға бармаймын. Ондайларға мен былай деп жауап берер едім:
"Менде де, қарағым, қандайда болмасын отбасым бар, мен де, Гомер айтқандай, еменнен,
не жартастан туған жоқпын, адамдардан тудым, сондықтан, афиналықтар, мен де бір үйлі
жанмын, ұлдарым, тіпті үш ұлым бар, біреуі ес кіретіндей болып қалды, қалғандары әлі
тым жас, сонда да мен оларды мұнда әкелмеймін, сіздерден ақтауларыңызды сұрап,
өтінбекші емеспін.
Неліктен мен олай етпеймін? Менмендіктен емес, афиналық ағайын, және сіздерді
менсінбегендіктен де емес. Мен өлімнен қорқамын ба, қорықпаймын ба, ол сөзді біз осы
тұста қалдырайық, бірақ менің абыройыма, сіздердің абыройларыңызға, қаланың
абыройына, осы келген жасымда шын болсын, жалған болсын ие болып жүрген атыма
айтылмыш қарекет ажар бермейді. Адамдардың көбінен Сократтың белгілі бір ерекшелігі
бар дейтін лақап бар емес пе? Я даналығымен, я табандылығымен немесе басқа бір жақсы
қасиетімен көзге түсіп жүрген адамдар солай етсе, ол масқаралық болар еді. Бірнеше рет
қадірменді аталып жүрген бір-екі кісілердің сотқа тартылып қалған сәтінде сондай
қарекеттерімен абыройынан жұрдай болғанын көргенім бар, сонда өлімнен осы жолы
құтылса, мәңгілік өлмейтіндей - ақ. Дүниеде өлім деген ең жаман нәрседей-ақ. Меніңше,
ондай адамдар қаламыздың атына кір келтірді, әлде бір жат жұрттықтар афиналықтардың
ең құрметті деп, жоғары лауазымды орындарға сайлап жүрген адамдарының қатындардан
ешбір артықшылығы жоқ екен деп ойлап қалуы мүмкін. Афиналықтар, сіздердің басқа
жұрттың алдында қадірменді деген атақтарыңыз бар, қиын-қыстау шақта абыройын төге
салатын адамдарды емес, ажалдың аузында да ұстамдылық көрсететіндерді
қолдағандарыңыз жон. Әйтпесе, қаламыз күлкілі жағдайларға душар бола береді.
Тіпті абыройды айтпай-ақ, афиналықтар, сотқа жалынып өзін құтқару деген, меніңше,
істің мазмұнына теріс көрініс беретін жалған қылық. Сот деген қалауына орай біреуді
есіркеп, екінші біреуге қаталдық жасау үшін емес, тек заңды негізде әр істің ақиқатын
анықтау үшін қойылған ғой. Сондықтан біз де сіздерді берген анттарыңызды бұзуға
шақыруға, сіздер де заңнан ауытқуға үйренбегеніңіз жөн. Ал енді, мені Мелет абыройсыз
деп айып қойып отырған шақта соны істесем, ол сіздерді құдайлар жоқ деп иландырумен
бірдей, әрі өзімді істің мәнін түсіндіріп ақтаудың орнына, құдайларды мойындамаймын