139
Маңызды, мағыналы мифтер арқылы біз олардың ұсақтары туралы да шешім айта
аламыз: өйткені ірілерде де және ұсақтарда да біркелкі белгілері және бірдей әсер
ететін күші болуы керек. Әлде сен келіспейсің бе?
Келісемін, бірақ менің түсінбегенім, сен қандай маңызды мағыналы мифтер туралы
айтып отырсың?
Олар — Гесиод, Гомер және басқа да ақындардың айтқандары туралы. Адамдар
үшін жалған аңыз—ертегілер құрастырып, оларға соларды айта бастады, иә және де
күні бүгінге дейін айтуда.
Қандайларын? Және сен оларға нендей кінә тағасың?
Ең алдымен және басты мәселе біреу-міреудің ойдан шығарылған жалған қиялы
бекер болса, соны кінәлау керек.
Бұл қалай?
Егер біреу-міреу құдайлар мен қаһармандар туралы айта отырып, олардың
қасиеттерін теріс бейнелесе, бұл суретшінің біреудің суретін саламын деп, ол оның
кейпін ұқсастырмай, бұрмалағанымен бірдей болар еді.
Мұндай кінә тағу дұрыс, бірақ мұның астарындағыны не деп түсінеміз.
Ең алдымен асқан өтірікті және оның ең үлкені туралы сәтсіз ойлап тапқан кісі, ол
Гесиод еске түсіргендей Уран жағымсыз қылық жасапты, Кронос оған кек
қайтарыпты. Кроностың істері жөнінде және оның баласынан көрген азаптары туралы,
тіпті олар шындық болса да, менің өзім, осылардың барлығын осындай
жеңілтектікпен, әлі ақылы толмаған және балғын жасқа айтпаған болар едім,— ең
жақсысы мұны үндемей айналып өту, ал егер де бір себептен айту керек болса, онда
тым аз адамдар жасырын ғана мұны естісін, құрбандыққа торайды шалмай-ақ,
дегенмен үлкен және әрең көтеретін сыйлық тарту керек, оның өзінде осы әңгімені
естіген азғантай топқа ғана.
Шынында, бұл жөніндегі әңгімелер қиындау.
Иә, оларды біздің мемлекетімізде, Адимант айтуға тиісті емес. Жас өспірім
тыңдаушыға ол шектен тыс әділетсіздікке бара отырып, тіпті ол, егер кез-келген
әдіспен, өзінің теріс қылық жасаған әкесін жазалаған болса, оған сен ерекше ештеме
істеген жоқсың, тек қана алғашқы ұлы құдайлардың жасағанын ғана қайталадың деуге
болмайды.
Зевстің атымен ант етейін, менің өзіме бұл жөнінде айтудың керегі жоқ сияқты
болып көрінеді.
Және де жалпы алғанда құдайлар құдайлармен қалай соғысады, қалай бір-біріне
қастық жасайды, бір-бірімен шайқасады дегендердің бәрі — қате; өйткені кім біздің
мемлекетімізді қорғау сапында тұрса, соған мынандай оп-оңай пайда бола кететін
өзара өшпенділік, аса зор масқаралық болып есептелер еді. Алыптардың өзара
майданын және құдайлар мен қаһармандардың, басқа да көптеген сансыз ұрыс-
керістерін тәптіштеп баяндап және тіркеп жатудың қажеті жоқ — керісінше, егер біз
ешуақытта да азаматтардың ешқайсысының басқаларға өшпенділігі болған жоқ десек
және мұның өзі адалдыққа жатпас еді, ал бұл жөнінде басқаларға ақсақалдар да,
әжелер де көбірек айтуы керек, иә кейін балалар ер жеткенде жалғастыру қажет; және
де ақындар да өз шығармаларында осыдан ауытқымауы жөн. Ал Герата оның баласы
Гефестің шынжыр бұғау салуы, ол соққыға жығылған әйеліне болысқан әкесі ұлын
Олимптан өзінің лақтырып жіберуі немесе Гомер қиялымен ойлап шығарған
құдайлардың соғысы туралы — тағы сондай шығармалар — олар ишарамен немесе
онсыз шығарылды ма бәрі бір мұндай әңгімелерге біздің мемлекетіміз де тыйым салуы
керек. Бала қай жерде астарлы сөз барын, не жоғын пішіп кесіп айыра алмайды, ал енді
осындай ерте, жас шағында қабылдаған пікірлер жалпы ешбір өшпейтін және
өзгеріссіз, тұрақты болып қала береді. Сондықтан, бәлкім, барлығынан бұрын, балалар