133
Бірақ осындай ортада жүретін делдал жүксіз бостан-бос кетсе, ол бостан-бос
қайтып келсе, яғни ол мұнда о жақтан қажетті деген нәрседен ештеме әкелмейді.
Шындық емес пе?
Менімше солай.
Мұнда тек өзіңе жеткіліктіні ғана шығарумен шектелмей, сонымен қатар, барлық
сол жақтағылар керек ететіндерді қанша сұраса сонша қамтамасыз ету керек.
Иә, бұл қажет-ақ.
Біздің қауымға көбірек диқаншылар мен әртүрлі қолөнершілер керек болады.
Иә, көбірек керек.
Және осы кез-келген тасымалды шеттен әкеліп, шетке апару үшін делдалдар керек.
Ал енді бұлар — саудагерлер ғой. Солай емес пе?
Иә.
Ендеше бізге саудагерлер қажет.
Әрине.
Ал егер бұл теңіздегі сауда болса, онда қосымша тағы да теңіз ісін білетін едәуір
адамдар керек-ақ.
Иә, көбірек керек.
Ал енді не болды? Мемлекеттің ішінде әркім өзі өндірген нәрселерінің бәрін бір-
біріне қалай береді? Адамдар қауымға кіру үшін біз мемлекетті негіздедік емес пе.
Сірә, олар сататын және сатып алатын болады.
Осыдан, келіп бізде нарық та және айырбас белгісі — ақша да шығады ғой.
Әрине.
Егер диқаншы немесе қолөнершілердің біреуі өзі өндіргендерін базарға әкелсе, ал
онымен айырбас жасайтын адам уақытында келмей қалса, ол соны базарда күтіп
отырып, өзіне қажетті жұмыс уақытын зая кетірмей ме?
Тіпті, олай емес. Осындай жағдайды байқап тұрған адамдардың ішінен біреулер
оған өзінің қызметін ұсынады. Жақсы жабдықталған қалаларда бұл денесі өте әлсіз
және басқадай бірде бір жұмысқа жарамсыз адамдар үшін қажет. Олар базарда өз
ақшаларына біреуге керекті нәрселерді сатып тұрғандардан алып, оларды қайтадан
кімге керек болса айырбастап, сатып өткізеді.
Осындай қажеттіліктен бізде қалада ұсақ саудагерлер пайда болады. Базарда
отыратын, сатып алып және қайта сататындарды біз осылай деп атамаймыз ба? Ал
қалаларды кезіп, сауда жасап жүргендерді біз көпестер дейміз.
Әрине.
Менің ойымша тағы да басқа кейбір ортада жүретін делдалдар бар: олардың рухани
түрі сондай, олармен көп жәмпейлесудің керегі жоқ, бірақ олар ауыр жұмысқа
лайықты дене күшіне ие болған жандар. Олар өздерінің күшін жалдама түрде сатады
және осы жалданғанының бағасын жалақы деп атайды: сондықтан да, менің ойымша,
оларды жалдамалылар деп атайды. Солай емес пе?
Әрине, солай.
Мемлекеттің толығырақ болуы үшін шамасы жалдамалылар да керек болар.
Меніңше солай.
Адимант, біздің айтып отырған мемлекетіміздің өскендігі сонша, енді оны жетілген
деп санауға болатын шығар.
Тегі солай.
Осының ішінде әділеттілік пен әділетсіздікке орын қайда? Біз талдап
отырғандардың қайсысында оларды байқаймыз.
Сократ, мен өз басым оны көріп тұрғам жоқ. Мүмкін өзара байланысып жатқан
қызмет түрінде шығар.