Page 132 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

132
Солай көрінетін сияқты.
Ал енді не? Солардың әр қайсысы өзінің жұмысын атқара отырып, жалпы
басқаларды есепке алу міндетті ме? Мысал үшін, диқаншы, өзі жалғыз болса да төрт
адамға астық өсіруге төрт есе көп уақыты мен еңбегін жұмсауға және басқаларға, өзі
өндіргеннен өзгелерге де бөліп беруге міндетті ме немесе олар жөнінде қам жемей, ол
осы астықтың төрттен бір бөлігін ғана өндіріп, оның өзін өзі үшін ғана дайындап және
осының барлығын өзінің уақытының төртінші бөлігін ғана жұмсап, ал қалған үш
бөлігін үй салуға, киім-кешек, аяқ киім дайындауға жұмсап және басқалар туралы
әбігерге түспей, бәрін өз күшімен және өзі үшін ғана өндіру керек пе?
Сірә, Сократ,— деді Адимант,— анаған қарағанда, бірінші жеңілдеу шығар.
Зевстің атымен ант етейін, мұнда түсініксіз ештеме жоқ. Мен бұдан бұрында сенің
адамдар әуелі туғанда да бір-біріне тым ұқсас болып тумайды, олардың табиғаты
өзгеше болады және олардың әр іске қабілеттігі де басқаша болады деген сөздеріне
көңіл аударған едім. Сенің пікірің де осындай емес пе?
Иә, осындай.
Ал енді не? Кім жақсы жұмыс істейді сол көптеген өнерге ие болған ба әлде тек
біреуіне ғана ма?
Ол біреуіне ғана ие болған адам. Менімше, қандай да болмасын жұмыс үшін
уақытыңды жіберіп алсаң, онда ештеме шықпайтыны түсінікті ғой деймін.
Әрине, түсінікті.
Және де, менімше, ешқандай жұмыс қашан жүмысшыңа бос уақыт пайда болар
екен деп күтіп тұрмайды; керісінше, ол тоқтаусыз жұмыстың соңында болып, жүрдім-
бардым айналыспай, оны бақылап отыруы керек.
Міндетті түрде.
Сондықтан да егер қандайда болмасын бір жұмысты өзіңнің табиғи талаптылығына
сәйкес және уақытында, басқа да жұмыстарға алаңдамай атқарсаң, онда бәрінде көп
мөлшерде жақсы және жеңіл жасауға болады.
Шүбәсіз.
Міне, осылай. Адимант, біздің айтқандарды қамтамасыз ету үшін мемлекеттің төрт
мүшесінен де көбірек керек болады ғой. Диқаншыға, егер де жақсы соқа керек болса,
шотты және басқа да жер өңдейтін құрал жабдықтарды ол өзіне-өзі жасап шығара
алмайды ғой. Өз кезегінде үй салушыға да көп нәрсе қажет. Сондай жағдайлар
тігіншіде де және етікшіде де болады.
Бұл шындық.
Балташылар, ұсталар және де басқа да осындай шеберлер, егер оларды біздің
кішігірім мемлекетімізге енгізсек, онда оны халқы көп елге айналдырады ғой.
Әрине, тіпті, одан да көп.
Бірақ ол бәрібір тым көп бола алмайды, егер тіпті біз оларға өгіз бағушыларды,
шопандарды және басқа да малшыларды қоссақ та, бәрібір диқаншылардың жер жырту
үшін өз өгіздері, үй құрылысын салушылардың жер өндеушілер мен бірге жүктерді
таситын жегуге үйретілген жануарлары, ал тігіншілер мен етікшілер үшін тері мен жүн
болады.
Осының бәрі бар мемлекет кіші бола қоймас.
Бірақ осындай мемлекетті шеттен әкелуді қажет етпейтін жерге орналастыру тіпті
мүмкін емес.
Мүмкін емес.
Демек, бұған қосымша тағы да басқа елдерден не қажетті болса соны жеткізіп
беретін адамдар керек болады ғой.
Керек болады.