121
Жақсы. Ал әр нәрсенің өзінің тағайындылығы бар болса, онда оның соған сай
қасиеті де болуы керек деп есептейсің бе? Біздің жаңағы мысалдарға оралайық.
Көздердің өзінің тағайындылығы бар деп ойлаймыз ба?
Иә, бар.
Олай болса көздерде де өзіндік қасиеті бар ғой.
Ол да бар.
Ал құлақтардың да тағайындылығы бар ма?
Бар.
Ендеше өзіндік қасиеті де бар ғой.
Иә, қасиеті бар.
Басқа нәрселерге қатысты жағдай осылай емес пе?
Осылай.
Тұра тұршы. Егер көздердің өзіне тиісті қасиеттері болмай, тек қана кемістіктер бар
болса, олар өздерінің тағайындылығын жақсы атқара ала ма?
Ол қалай болғаны сонда? Сен көрудің орнына тек соқырлықты айтып отырсың ғой.
Көру ғана көздердің қасиеттерін құрайды. Бірақ мен әзірше бұл туралы емес,
мынаны: өзіне тиісті қасиеттері болғандықтан ғана көздер өз тағайындығын жақсы, ал
кемістіктерінде нашар атқара ма деп сұрап тұрмын.
Мұны сен дұрыс айттың.
Өзінің қасиеттерінен құлақтар да тағайындылығын нашар орындай ма?
Әрине.
Басқаның бәрін де осы ережеге сай келтіреміз ғой?
Меніңше, солай.
Жанның бар нәрселердің ешқайсысымен, мысалы, қамқорлық жасау, басқару,
кеңесу және сол сияқты нәрселермен, орындауға болмайтын оның тағайындығы бар
ма? Жаннан басқа осылардың барлығын тек сол ғана атқарады дейтін бірдеңе бар ма?
Басқа ештеңе де жоқ.
Тағы да тіршілік: осының барлығы тек жанның ісі дегенді мойындаймыз ба?
Сөз жоқ.
Олай болса, жанның өзіне тән белгілі бір қасиеті бар деп мойындаймыз.
Мойындаймыз.
Осы өзіне тән қасиетінен айырылғанда жан өзінің тағайындылығын жақсы орындай
ала ма немесе бұл мүмкін емес пе?
Мүмкін емес.
Бірақ біз жанның қасиеті әділеттілік, ал кемістілігі әділетсіздік деп келіскен едік
қой.
Иә, келіскенбіз.
Ендеше, әділетті жан және әділетті адам жақсы, ал әділетсіз — жаман өмір сүреді.
Сенің пайымдауың бойынша солай.
Бірақ кім ізгілікті өмір сүрсе, сол адам жайлы, әрі бақытты, ал кім ізгіліксіз болса,
ол керісінше, нашар өмір сүреді.
Иә, басқаша болуы мүмкін емес.
Олай болса, әділетті — бақытты, әділетсіз — бақытсыз адам.
Солай-ақ болсын.
Бейшара болғаннан не өнеді? Бақытты болғанды айтсаңшы!
Басқаша, қалай?
Олай болса, сен Фрасимах, қызық адамсың! Әділетсіздік, әділеттілікке қарағанда,
ешқашан мақсаттылыққа сай емес.
Олай болса, Бендидияда сонымен қоректене бер, Сократ!