120
алауыздықтарға, соның ішінде әділетті қарсыласына да, ішкі және сыртқы жаулыққа
әкелу арқылы сол топтардың әрекет етуіне мүмкіндік бермейді. Солай емес пе?
Әрине, солай.
Тіпті бір адамда пайда болғанның өзінде де ол өзіне тән нәрселерді туғызады. Ең
алдымен, ол оны дәрменсіз етеді, өйткені ол өзіне өзі араздықта және алауыздықта, ол
өзіне-өзі және әділетті адамдарға жау. Солай емес пе?
Иә.
Бірақ құдайлар да әділетті ғой, достым.
Солай-ақ болсын.
Ал құдайларға, Фрасимах, әділетсіз — жау, әділетті оларға дос.
Осы ойларыңмен өзің-ақ қоректене бер, жасқанбай. Осы отырғандардың ішінен
өзіме жау тауып алмас үшін, мен саған қарсыласпаймын.
Енді ол қонақасыны осы кезге дейін қалай жауап беріп келсең, сонымен толықтыр.
Әділетті адамдардың дана да, жақсы да, әрекетке бейімді екендігі анықталды. Ал
әділетсіздер бірге әрекет жасай алмайтыны да айқын. Бір кезде әділетсіздердің бірігіп
әрекет еткендігін біз айтып жүрсек те, бірақ сол айтқандарымыз толық дұрыс емес.
Егер олар толығынан әділетсіз болған болса, олар бірін-бірі аямас еді ғой. Ендеше, бір-
бірін де және кімге қарсы әрекет етсе, соларды жәбірлеуге кедергі келтірген оларда бір
әділетті нәрсе болған. Соның арқасында олар бір нәрсені бірігіп орындай алған.
Әділетсіздікке оларды өздеріне тән әділетсіздік итермелеген, бірақ олар жартылай
азғындаған, өйткені алаңсыз жаман және алаңсыз әділетсіздер әрекет етуге қабілетсіз.
Мен мұны сенің алғашқы айтқаныңнан басқаша түсінемін.
Бізге осының артынан қарастыруға тиісті мәселемізді зерттеу қалып тұр. Атап
айтқанда, әділетсіздерге қарағанда әділетті адамдар жақсы тұрмыс құра ма, әрі олар
бақыттылау ма? Бұл қазірдің өзінде де айтқандарымыздан анық көрінсе де, дегенмен,
оны ыждағатпен қарастыру керек. Мәселе кез-келген нәрсе туралы емес, қандай
жолмен өмір сүру керек екендігі жөнінде ғой.
Жарайды, қарастыр.
Мен соны істеп отырмын. Ал маған айтшы, мысалы, аттардың бір тағайындылығы
бар ма?
Меніңше, бар.
Аттың немесе не де болса басқа бір нәрсенің тағайындылығы соның көмегімен
немесе сонымен бірге атқарылатын нәрсе деп есептейсің бе?
Түсінбедім.
Ол былай. Сен көздеріңнен басқа бірдеңемен көре аласың ба?
Жоқ, әрине.
Ал құлақтарыңнан басқа нәрсемен ести аласың ба?
Ешқандай.
Ал жүзімнің шоғын сен бақша пышағымен немесе кез келген басқа қарумен кесе
аласың ба?
Әрине.
Сол үшін жаратылған орақпен оны бәрінен де жақсы істейсің.
Ол рас.
Осыны орақтың тағайындылығы деп есептемейміз бе?
Есептейік.
Енді, меніңше, сен осыдан бұрын сұрағанымды жақсырақ түсінесің деп ойлаймын:
әр нәрсенің тек соның көмегімен және соны пайдаланып атқарылатын нәрсесі соның
тағайындылығы емес пе?
Түсінемін. Меніңше де сол әр нәрсенің тағайындылығы.