118
Ал емші ше? Белгілі бір тағамды және сусынды тағайындау арқылы ол емші
болудан және емшілікті білуден артық бір нәрсеге ұмтыла ма?
Жоқ, ұмтылмайды.
Ал емші емеспен салыстырғанда ол артық бірдеңеге ұмтыла ма?
Иә.
Осыны білімнің немесе білмеудің кез-келген саласына қолданып көрші. Әрбір істің
білгірі өзінің әрекеттерінде және айтқандарында сол істің басқа бір білгірінен немесе
сол салада өзіне ұқсайтыннан артық бірдеңеге ұмтыла ма?
Мен осы соңғысымен келісетін болармын.
Ал надан ше? Ол білгірмен де, басқа бір наданмен салыстырғанда артықшылыққа
бірдей ұмтылмас па еді?
Мүмкін.
Ал білгір адам дана емес пе?
Солай деп ойлаймын.
Дана адамда қасиеттілік болмай ма?
Солай болар.
Олай болса, қасиетті әрі дана адам өзі сияқтыларға қарағанда емес, өзіне
ұқсамайтын, әрі қарама-қарсыларға қарағанда артықшылыққа ұмтылады.
Солай шығар.
Нашар қасиетті әрі надан адам өзі сияқтылармен де және өзіне қарама-қарсылармен
салыстырғанда артықшылыққа ұмтылады.
Ол анық.
Олай болса, Фрасимах, әділетсіз адам өзіне ұқсастармен де, өзіне
ұқсамайтындармен де салыстырғанда артықшылыққа ұмтылады. Әлде сен басқаша
айтып па едің?
Иә, солай.
Ал әділетті адам өзіне ұқсастарға қарағанда артықшылыққа ұмтылмайды. Тек өзіне
ұқсамайтындарға қарағанда артықшылыққа ұмтылады.
Иә.
Олай болса, әділетті адам дана әрі қасиетті адаммен, ал әділетсіз — нашар әрі
надан адаммен барабар.
Солай шығар.
Бірақ біз кім-кімге ұқсас болса, өзі де сондай деп мойындаған жоқ па едік?
Мойындадық.
Олай болса, әділетті — ол қасиетті әрі дана адам, ал әділетсіз — ол надан және
қасиетсіз.
Фрасимах осының бәрімен келіссе де, оны амалсыздан дегенде мойындады. Ол өзі
терлеп те кетті. Оның үстіне бұл жаз кезі еді. Осы сәтте тіпті Фрасимахтың да қызара
алатынын мен бірінші рет көрдім. Әділеттіліктің әрі ізгілік, әрі даналық, ал
әділетсіздік азғындық және надандық екендігін екеуміз де анықтағаннан кейін мен
былай дедім:
Солай болсын. Біз мұны анықтадық деп есептейік. Бірақ біз әділетсіздіктің қуатты
екендігін де айтқанбыз. Осы есінде ме, Фрасимах.
Есімде. Бірақ сенің бұл айтқаныңа менің көңілім толмай тұр. Сондықтан бұл
туралы бір нәрселер айтуым керек. Мен сөйлей бастасам, сен оны даурығу деп
атайсың. Сондықтан иә, менің айтқым келген нәрсені айтуыма мүмкіндік бер немесе
егер қаласаң, сұрай бер, сұрай бер. Ал мен сені мақұлдап, ертегі айтып отырған
кемпірлермен сөйлескендей, біресе құптап, біресе теріске шығарып, басымды изей
берейін. Тек өз көзқарасыңа қайшы нәрселерді айтпа. Мені бәрібір сөйлетпейтін
болған соң, сені ырза етуге тырысайын. Менен тағы не тілейсің?