115
Яғни, олардың әрқайсысының осы пайдасы — ақы алуы — өздерінің жеке өнерінен
келмейді. Бұны дәлірек қарастырсақ, онда емшілік — денсаулыққа, төлем тәсілі —
марапаттауға жеткізеді; құрылыс өнері — үй тұрғызады, ал жалданып жұмыс істеу
өнері — оны марапаттаумен қоса жүреді. Басқалары да осылай: әр өнер өз ісін
жасайды және өзінің тағайындығына сай пайда әкеледі. Егер бұл өнерге ақы төлеу
қосылмаса, шеберге одан пайда бола ма?
Болмас.
Яғни, ол тегін жұмыс істесе, оған ешқандай пайда келмейді ғой?
Мен солай ойлаймын
Яғни, Фрасимах, бұл енді түсінікті: ешқандай өнер және ешқандай басқару шеберге
пайда әкелмейді, бірақ біз өткенде айтқандай, ол оны қамтамасыз етеді және күштіге
емес, әлсізге пайдалы нәрсені тағайындайды. Сондықтан да, мен жуық арада
айтқандай, қымбатты Фрасимах, ешкім де өз еркімен басқарушы болып, бөтен біреудің
кемшіліктерін жөндеумен айналысқысы келмейді, бірақ кез-келген адам, керісінше,
марапаттауды қажет етеді, өйткені өз өнерін жақсылыққа пайдаланғысы келген адам,
оны ешқашан өз игілігі үшін жұмсамайды, тек өз қол астындағылардың игілігіне
арнайды. Міне, сондықтан басқаруға кіріскендер үшін марапаттау — не ақшалай, не
құрмет болу керек, ал басқарудан бас тартқандарды жазалаған дұрыс.
Ол қалай, Сократ? — деп сұрады Главкон. — Алдыңғы екі марапаттауды мен
түсінемін, бірақ сен жазалауды да марапаттаудың қатарына қосып қойдың: мен бұны
түсінбеймін.
Яғни сен басқаруға келіскен ең парасатты адамдар пайдаланатын жақсылардың
марапаттауын түсінбейсің. Атаққұмарлық пен ақша құмарлықтың масқаралық болып
табылатынын сен білмеуші ме едің — шынымен де ол солай ма?
Мен білемін.
Сондықтан жақсы адамдар ақша үшін де, құрмет үшін де, басқаруға келіспейді:
олар басқарғаны үшін ашық түрде сыйлық алып, жалға алушы, ақысын жасырын
пайдаланушы ұры деген атқа ие болғысы келмейді; өз кезегінде құрмет те оларды
қызықтырмайды — өйткені олар атаққұмар емес. Басқаруға келісуі үшін оларға міндет
қойып, жаза қолдану керек. Міне, билікке, қажеттілікті күтпей, өз еркімен ие болуға
талпынудың ұят болып есептелу себебі сондықтан. Ал ең ауыр жаза — өзің кезінде
келіспеген билікке жаман адамның ие болып, соның қол астында болу. Меніңше, дәл
осындай жазадан қорқып, парасатты адамдар билік басына келіп, басқарады: олар
басқаруға жақсы бір нәрсе табу үшін, одан ләззат алу үшін емес, бұл істі өзінен
жақсырақ немесе өзі сияқты басқаратын адамға тапсыра алмағандықтан, сондай
қажеттілікпен кіріседі.
Егер мемлекет тек жақсы адамдардан тұрса, онда барлығы, қазір билікке
таласқандай, басқаруды бір-біріне сілтеп, қашар еді. Бұл жерден нағыз мемлекет
басқарушы адам өзіне ғана пайдалыны көксемейтіндігі, керісінше, өз қол астындағы
адамдарға пайдалыны армандайтыны белгілі, өйткені бұны түсінетін кез-келген адам
басқалардың пайдасы үшін жанталасудың орнына, басқалардың бұның пайдасын
ойлауын қалайды. Мен ешқашан әділеттілік — күшті адамға пайдалы нәрсе дейтін
Фрасимахқа берілмеймін. Бірақ біз бұны кейінірек әлі де талдаймыз.
Әділеттілік және әділетсіздік
Мен үшін қазір Фрасимахтың әділетсіз адамның өмірі әділетті адамның өмірінен
жақсы деген тұжырымдамасы әлдеқайда маңыздырақ. Ал сен, Главкон, нені
таңдайсың? Бұл тұжырымдамалардың қайсысы, сеніңше, дұрысырақ?
Меніңше,— деді Главкон,— әділетті адамның өмірі маңыздырақ.