113
Содан соң мемлекетпен қарым-қатынаста әлдебір төлем төлеу керек болса: тең
қатынастағы мүліктік жағдайда әділетті адам көбірек, ал әділетсіз адам азырақ төлейді
және төлемді алуға келгенде әділетті адамға еш нәрсе бұйырмайды, ал әділетсіз көп
нәрседен ұтады. Олар бірдей мемлекеттік қызметке тұрса, әділетті адам басқа бәлеге
ұшырамаса да, үйіндегі жағдай, оған жеткілікті көңіл бөлінбегендіктен, нашарлайды, ал ол
әділетті адам болғандықтан қоғамдық істерден ешқандай пайда көрмейді. Онымен қоса,
ол әділеттілікке қайшы келетін кезде қолдамағаны үшін туыстары мен таныстарының
наразылығын тудырады. Ал әділетсіз адамда бәрі керісінше болады.
Мен осыған дейін айтқанымды қайталаймын: билікке ие болу үлкен артықшылық береді.
Кез-келген адамның өзі үшін әділетсіз болу, әділетті болуға қарағанда, қаншалықты
пайдалы екенін сен өзің ескеруің қажет. Егер сен әділетсіздікті барынша толық
қарастырсаң: әділеттілікті бұзған адамның жетістікке жеткенін, ал әділетсіздікті өз
басынан кешірсе де, әділеттілікке қарсы шықпаған адамның бейшаралығын көруге
болады. Тирания да осындай: ол біресе астыртын, біресе күшпен өзіне тиісті еместі —
храмдық және мемлекеттік, жеке және қоғамдық мүлікті — біртіндеп емес, бірден, басып
алады. Әділеттіліктің жартылай бұзылғанын байқап қалса, жазаланады немесе
масқараланады. Ондайлар, өздерінің келтірген зиянына қарай, қасиетті нәрсені
қорлаушылар, немесе құлдарды ұрлаушы, немесе бұзушы, немесе ұрылар, тонаушылар
деп аталады. Ал азаматтарды мүлкінен айырып қана қоймай, олардың өзін құлға
айналдырып, езгіге түсірген адамды масқаралаудың орнына, оны табысты, жарылқаушы
деп атайды, отандастары ғана емес, жат жерліктер де оны біледі: бұндай адам
әділетсіздікті барынша коп жасайды. Өйткені әділетсіздікті сынға алған адам, әділетсіз
әрекет жасауды сынамайды, олар өздері залал шекпес үшін, өздері үшін қорқады. Солай,
Сократ: әділетсіздік, әділеттілікке қарағанда барынша кең, күштірек, онда күш те,
бостандық та, билік те көбірек, ал әділеттілік, мен бастапқыда айтқандай, бұл — күшті
адамға қажетті нәрсе, ал әділетсіздік — ол өз-өздігінен пайдалы және мақсатқа лайық.
Осыны айтып, Фрасимах кетпек болды — өзінің үздіксіз көп сөздігімен ол моншашыдай,
бізді шомылдырып, құлағымызды сөзбен бітеп қойды,— бірақ отырғандар оны жібермеді
және өз сөздеріне дәлел айтуы үшін оны қалуға мәжбүрледі. Мен өзім де соны қажет
еткендіктен, былай дедім:
Сен қызық адамсың, Фрасимах. Бізге осындай сөздермен тап бересің де, енді кетіп
қалғың келеді, сен бізді де толық ұғындырмадың, өзің де бәрін дұрыстап жіктеген
жоқсың, солай емес пе? әлде басқаша ма? Әлде, сеніңше, бұндай нәрсені анықтау —
түкке тұрмайтын ұсақ-түйек пе? Бұл әрқайсысымыз ұстанатын өзіміздің мақсатымызға
лайық өмір сүретін нұсқау болмас па еді?
Менің ойымша, — деді Фрасимах, — дәл осы басқаша сияқты.
Бәлкім,— дедім мен, — сенің бізде ешқандай ісің жоқ сияқты, сен білетін нәрсені
білместен, біз жақсы өмір сүреміз бе, жаман өмір сүреміз бе, саған бәрібір сияқты.
Бірақ, қымбаттым, біздің де оны білуіміз үшін, сен еңбектенуің керек. Бұл жерде біз
көппіз, егер сен біз үшін игілік жасасаң, саған жаман болмас. Менің пікіріме келсек,
саған айтарым: мен әділетсіздік әділеттілікке қарағанда пайдалы дегенге,
әділетсіздікке толық бостандық берілсе де, сенбеймін және олай деп ойламаймын.
Қымбаттым, мысалы, біреу әділетсіз болсын дейік, ол әділетсіз қылықтарды не
жасырын, не күресте жасай алады дейік, — бәрібір әділетсіздік әділеттілікке қарағанда
пайдалы дегенге мен сенбеймін. Мүмкін, біздің арамызда, менен басқа біреу де
осындай күйде отырған шығар. Олай болса, бізді, құрметті Фрасимах, әділеттілікті
әділетсіздіктен әлдеқайда жоғары қойғанымыз үшін біздің шешіміміздің дұрыс
еместігіне сендір.