11
айналысатын кәсіптерінің біреуімен де болса, айналысуға менің уақытым болмады.
Ақырында құдайға қызмет жолында өз басым қара сіңір жарлылыққа жеттім.
Оның үстіне өз қалауымен маған еріп жүрген, қолдары бос, ең дәулетті азаматтардың
ұлдары бар, олар осындай сынақтарға қуана қатысып жүреді, өздері де маған еліктеп
кейбіреулердің даналығын сынауға құмар-ақ, олар да, меніңше бірдеңе білем деп
менменситін, бірақ шынында ешнәрсе білмейтін. адамдарға аз жолықпайды. Олардың
сынынан да абырой таппағандар өзіне емес, маған ашуланып, Сократ деген біреу бар,
аспандағыны да, жер қойнауындағыны да білгісі келеді, өтірікті шындай қып көрсетуге
епті - ақ, құдайды мойындамайды, сөйтіп жастарды аздырады дейді. Ал өздері туралы
шындықты айтпайды. Өздері атаққұмар, елде ықпалды, әрі көп болғандықтан, олар көптен
бері мен туралы жалған пікірді талмай таратып келеді.
Енді, міне, соның жалғасы — Мелет те, Анит та, Ликон да маған жаламен жармасып отыр.
Мелет — ақындар үшін, Анит — қолөнершілер үшін, ал, Ликон — шешендер үшін.
Соның үшін де осы қысқа сөзімде соншалықты тамыр тартып кеткен жаланы оп-оңай
теріске шығара қойсам, алдымен өзім таң қалар едім. Міне, афиналық ағайын, шындық
осылай, оның маңыздысын да, болмашы жағын да мен сіздерге бүкпесіз айттым. Сол
арқылы, әрине, өзіме өшпенділік те туғызамын, бірақ соның өзі менің сөзімнің
растығының дәлелі емес пе, жаланың шын себебін көрсеткендіктен емес пе? Егер осыны
өздерің тексерсеңіздер, қазір ме, кейін бе, шындыққа көздеріңіз жетеді.
Қазіргі айыптаушыларға сын
Бұрынғы айыптаушыларымнан осы ақталғаным да жетер; енді өзін қаламызды жақсы
көретін тәуір адамымын деп көрсеткен Мелеттен және басқалардан қорғап көрейін.
Олардың таққан айыбы не еді, еске түсірейікші: "Сократ қаламыздың заңдарын аяққа
басуда, өйткені қаланың мойынсұнатын құдайларын мойындамайды, оның орнына жаңа
бір ғұламалардың нышандарын мойындайды, сөйтіп жастарды аздыруда", — дейді.
Осы қойылған айыптауларды рет-ретімен қарап көрейік. Мен қылмыстық әрекетіммен
жастарды аздыруда екенмін, ал меніңше қылмысқа барып отырған Мелет, себебі өте
маңызды нәрселерге жаны ашығандай болып, ал шынында ойынға айналдырып,
адамдарды сотқа жинап отыр. Тап солай екенін дәлелдеп көрейін.
Мелет, сен жақынырақ келші, айтшы, шынымен-ақ сен жастардың үнемі ізгілікті
болуын қалайсың ба?
Әрине.
Олай болса, оларды ізгілікті ететін кімдер, мына келіп отырған халайыққа айтшы.
Жастардың мінез-құлқының жақсаруын үнемі ойлап жүрсең, сен ондай адамдарды,
әрине, білесің. Аздырушыны таптың, сотқа тартып отырсың, ал енді солардың есіне
салшы, кімдерден тәлім алсын. Мінеки, Мелет, үндемейсің, не айтарыңды білмейсің.
Осының ұят емес пе? Ендеше, мұндай нәрселер бұрын сенің жаныңды ауыртпаған.
Айтсаңшы, кімдер оларды жақсартатын?
Заңдар.
Мен олар туралы сұрап тұрған жоқпын, ізеттім, олар қандай адамдар деп тұрмын.
Мынау отырған қазылар, Сократ.
Не деп тұрсың, Мелет, тап осы адамдар жастарды жақсылыққа тәрбиелеуге
қабілетті ме?
Олардан ешкім аспайды.
Бәрі ме? Әлде біреулері қабілетті, ал екіншілері қабілетсіз бе?