Page 101 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА 1

Basic HTML Version

101
мақтайды. Біз жиналған уақытта, көпшілігі жастық шақтың ләззәтін — махаббаттың
қуанышын, той-думанды қимастықпен еске түсіреді және: "сол кездегі өмір-ай, ал
қазіргі өмір өмір ме", — деп сол кез біз үшін орны толмас кез тәрізді күңкілдейді. Ал
кейбір қарттар өздерін ырықтарына көндіріп алған туыстарына кейиді және кәрілік
оларға соншалықты көп жамандық әкеледі деп сол ескі әнге салады да отырады.
Меніңше, Сократ, олар кәрілікті бостан босқа айыптайды: егер кәрілік себепкер болса,
мен де қартайғандықтан, замандастарым сияқты сезінер едім ғой. Сонымен бірге, мен
басқа да қарттарды көрдім: мысалы ақын Софоклға менің көзімше мынадай сұрақ
қойылды:
"Махаббаттың қуанышына, Софокл, қалай қарайсың? Әйелдермен қатынасқа қалай
қарайсың?". — "Сен үндемей-ақ қойсаң да болар еді ғой", — деп жауап берді Софокл, —
мен олардан қатыгез және долы әміршіден құтылғандай, қуанышпен кеткенмін".
Софоклдың жауабы сол кезде маған өте сәтті болып көрінген және қазір де ұнайды.
Кәрілік келген кезде толық тыныштық орнап, адам ондайлардың барлығынан арылады
ғой; құштарлықтардың қызуы бәсеңдеп, өшеді, Софокл айтқан сезім, яғни көптеген
қаһарлы билеушілерден арылғандағыдан сезім, орнайды. Ал оларға және үйдегі көңілсіз
жағдайлардың барлығына кінәлі кәрілік емес, Сократ, адамның өзінің жаратылысы. Кім
дұрыс өмір сүрсе, кең пейілді адам болса, соған кәрілік тек қуаныш әкеледі. Ал адам
ондай болмаса, Сократ, оған жастық шақта да қиындық көп кездеседі.
Оның бұл сөздеріне таңданып және оны әрі қарай әңгімеге тарту үшін мен былай дедім:
Менің ойымша, Кефал, осыны адамдарға айтсаң, олар сенімен келіспейді, - олар
сенің кәрілікті оңай көтеретіндігін жақсы адам болғандығыңнан емес, көп дәулеттің
иесі болғандығыңнан деп есептейді. Олар бай адамдардың кәрілікті қызықты етуге
болатын жағдайы бар деп ойлайды.
Сен дұрыс айтасың, — деді Кефал, — олар келіспейді және қарсы шығуға
тырысады, бірақ, олар не ойласа да, өзінің даңқы үшін Фемистокл өзіне өзі емес, өз
қаласына міндетті деп оны жамандаған бір серифийлікке берген Фемистоклдың
жауабы жақсы айтылған: "Шынында да, мен серифийлік болсам, менің даңқым
шықпас еді, ал сен, мейлі, афиналық бола қалған күнде де, атағың шыға қоймас". Дәл
солай кәрілік ауыртпалығын салған кедей адамдарға осыны айтуға болады: иә, момын
мінезді адамға кедейлікте өткен кәрілік оңай тимейді, бірақ мінезі жаман адамға,
мейлі, ол қандай бай болса да, қартайғанда бәрібір өзін жақсы сезінбейді.
Кефал, дәулетіңнің коп бөлігін сен мирастыққа алдың ба, әлде өзің жинадың ба? —
деп сұрадым мен.
Қайдағы мирастық, Сократ! Мен іскер ретінде атам мен әкемнің ортасынан орын
аламын. Менің атам — оның да аты менікіндей болған — қазір менің дәулетім қандай
болса, соншасын мирастыққа алған және ол дәулетті бірнеше рет арттырған, ал менің
әкем Лисаний оны менікінен де аз дәрежеге дейін кеміткен. Егер мен оларға
қалдырылғаннан аз емес, кішкене көбірек қалдырсам, разы болар едім.
Мен сенің ақшаға ерекше құмарлығыңды байқамағандықтан сұрап отырмын, —
дедім мен: ондай құмарлық, әдетте, байлықты өзі жинамаған адамдарда болады. Ал өзі
жинаған адам оны екі есе бағалай біледі. Ақындар өздерінің туындыларын, әкелері
өздерінің балаларын сүйетіндей, байыған адамдар да ақшаға басқа адамдар сияқты
керегінше емес, өздерінің бір туындысындай қамқорлықпен қарайды. Ондай
адамдармен араласу қиын: байлықтан басқа ешнәрсе олардың қызығушылығын
тудырмайды.
Сенікі дұрыс.