Қазақстанның ашық кітапханасы
[өз тұжырымымызға деген] сеніміміз бұрынғыдан аз, не одан да аз болады, себебі ол ойды
әлдилейді; ал парадокстар болса, адамның рухын оятып, мұқият ізденістерге итермелейді,
ал олар жаңалық ашуға жетелейді.
Эстетикалық эгоист дегеніміз — өзгелер оның өлендерін, суреттерін, музыкалық
туындыларын және т. б. жағымсыз деп бетіне айтып, тіптен күлкі етсе де, өз талғамы өзін
қанағаттандыратын адам. Ол өз пікірінде ғана қалып, өзін - өзі қошаметтеп, өнердегі
әсемдіктің өлшемін өзінен ғана іздеуімен өзін әрі қарай жетілдіру мүмкіндігінен айырады.
Және ең соңғысы, моральдық эгоист — барлық мақсат - мүддені өзімен ғана шектейтін,
өзіне пайдалы нәрсені ғана жөн деп санайтын және эвдемонист ретінде өзінің еркінің ең
басты бағыттаушы негізі парыз ұғымы емес, өз пайдасы мен өз бақыты ғана деп
есептейтін адам. Шынында, кез келген адам бақыт деп нені есептейтіндігі туралы өзінің
жеке түсінігін қалыптастыратындықтан, атап айтсақ, эгоизм міндетті түрде жалпыға
бірдей принцип болуға тиісті парыз туралы шынайы ұғымның өлшемінің жоқ екендігіне
әкеледі. — Сондықтан барлық эвдемонистер практикалық эгоисттер болып табылады.
Эгоизмге тек қана плюрализмді, яғни адам өзінің Менің де бүкіл Әлемді қамтитын адам
сияқты емес, өзін тек қана әлемнің азаматы ретінде қарастыратын және әрекет ететін ой
жүйесін қарсы қоюға болады. — Бұл туралы айтқанымыз антропологияға қатысты. Себебі
метафизикалық ұғымдар тұрғысынан, бұл айырмашылыққа қатысты нәрселер толығымен
бұл жерде қарастырылып отырған ғылымнан тыс жатыр. Атап айтқанда, мен, ойлайтын
тіршілік иесі ретінде, өзіммен қатар, менімен қатынаста болатын басқа да тіршілік
иелерінің бәрінің (олардың жиынтығы әлем деп аталады) бар екендігін мойындауға негіз
бар ма деген мәселе, антропологиялық мәселе емес, таза метафизикалық мәселе.
Ескерту
Эгоистік тілдің формалары туралы
Қазіргі кезде мемлекет басшысы халыққа сөз арнағанда әдетте көпше түрді қолданады
(біз, аты-жөні, құдайдың мейірімімен т.с.с.); осыдан мынадай сұрақ туады: бұлайша
сөйлеудің эгоистік мағынасы бар емес пе, яғни [мемлекет басшысының] толық билік иесі
екендігін көрсетіп тұрған жоқ па екен және Испания королінің: Іо, el Rey (мен, король)
дегенін білдірмей ме екен? Бірақ ең жоғары беделді белгілейтін бұл формула басында
белгілі бір шектеуді (Herablassung) (біз, король және оның кеңесі немесе сословиялары)
көрсеткен сияқты. — Ежелгі, көне, классикалық тілдерде орын алған адамдардың бір-
біріне "сен" деп, яғни жекеше түрде тіл қатуы әртүрлі, әсіресе, герман халықтарында
қалайша плюралистік, яғни "сөз" деген түрге ауысқан? Ол үшін немістер сөйлесіп тұрған
адамның абыройының жоғары екендігін білдіретін тағы екі сөз тіркесін ойлап шығарды,
олар: Ег және Sie (бұл өзара сөйлесу емес, ол жерде жоқ адам туралы, және де бір адам
немесе бірнеше адам туралы әңгіме сияқты); ақырында, (сөйлеушінің) тыңдаушысының
алдында өтірік мүләйімсіп, оны көтермелеудің оғаштығының соңғысы, оның атын
атаудың орнына сословиесінің ойдан шығарылған қасиетінің ұғымын қолдана бастады
(Сіздің мархабатыңызға, Сіздің мәртебеңізге, Сіздің жоғары мәртебеңізге т.с.с.). — Бұның
бәрі корольден бастап, ең аяғы адамның абыройы жоққа шығарылып, адам аты ғана
қалатын, мырзалар өз еркі өзіне тие қоймаған балаларға сөйлеген сияқты "сен" деп
сөйлейтін басыбайлы шаруа сословиесіне дейін, кез келген адамға оның қоғамда алатын
орнына сәйкес құрмет көрсетуге баса назар аударылған феодализм кезінде пайда болды
деп ойлаймын.