Қазақстанның ашық кітапханасы
принципшілдік (нақты мінезге ие болу) ең қарапайым адам зердесінің қолы жететін нәрсе
болуы тиіс, және де абырой ретінде ол сол адамды ең үлкен дарын иесінен де жоғары
қояды.
В
Жыныс мінезі
Басқа машиналардың көмегімен көп күш жұмсап қанша іс істелсе, көп күш жұмсамай-ақ
олардың көмегімен сонша іс істеуге болатын машиналар жасау үшін, көп өнер жұмсау
керек. Сондықтан мұқият табиғат ер адам затынан гөрі әйел затының жаратылысына көп
өнер жұмсады деп алдын ала айтуға болады, себебі табиғат оларды өзінің басты мақсаты
үшін, атап айтқанда адам затын сақтау мақсаты үшін, саналы тіршілік иелері ретінде
бастарын қосып, ең жақын тән қатынасында болсын деп әйелден гөрі ер адамға көп күш
берген; сонымен бірге осы сипатта (саналы хайуандар ретінде) олардың жыныстық
қарым-қатынасы отбасы жағдайында ұзақ болсын деп табиғат оларға қоғамдық қабілеттер
берген.
Екі адамның бірлігі мен байланысының ажырамауы үшін, екеуінің жай ғана бастарын
қосуы аз: бір адам екіншісіне бағынышты болуы тиіс және осы екеудің біреуінің екіншісін
өзінікі деуі үшін немесе билеуі үшін, екіншісінен бір қасиетімен болса да басым болуы
керек. Шынында, бірі - бірінсіз бола алмайтын екі адамның талап - сұраныстарының
теңдігі жағдайыңда өзімшілдік тек қана ұрыс – керіс туғызады. Екі жақтың әрқайсысы
мәдениетінің дамуы бойынша екіншісінен ерекше басымдылыққа не болуы керек: ер адам
әйелден күш-қайратымен және ер екендігімен, ал әйел ер адамнан өзінің табиғат берген
қабілетімен, оны өзіне қарату қабілетімен үстем болуы тиіс; әлі өркениетке жетпеген
жағдайда да үстемдік үнемі ер адам жағында болады. — Антропологияда философ үшін
әйел адамға тән ерекшеліктерді зерттеу ер адам ерекшеліктерін зерттеуден гөрі
маңыздырақ мәселе болып табылатыны да сондықтан. Тұрпайы, табиғи жағдайда оны
зерттеп - тану жабайы алма не алмұрттың егу көмегімен ғана көрінетін ерекшеліктерін
танып-білу сияқты өте күрделі нәрсе; мәселе мәдениеттің осы әйел ерекшеліктерін
тудырмай, тек қана олардың дамуына түрткі болып, оларды орайлы жағдайларда көзге
түсетіндей ете алатындығында жатыр.
Әйел затына кемшіліктер тән. Біз оларды айтып әзілдейміз. Ақымақтар оларға күлсе,
ақылды адамдар ол кемшіліктердің ер адамды қажет жолға салып, оны әйелдің мақсаты
үшін пайдалануға қызмет ететіндігін айқын көреді. Ер адамды танып-білу оңай, ал әйел
(сөзшеңдігі себепті) басқалардың құпияларына берік болмағанымен, өз сырын ашпайды.
Ер адам үй тыныштығын қалайды, сондықтан өзінің [үйден тыс] істеріне кедергі
келтірмесін деп, әйелі орнатқан тәртіпке қуана көнеді. Әйел адам сөз жүзінде жүретін үй
ішіндегі соғыстан қорықпайды және сол үшін табиғат берген сөзуарлығымен және
құлшына сөйлейтін тілмарлығымен ер адамның аузын аштырмайды. Ал ер адам күші
басым адамның құқығы — үй ішінде әмірші болу құқығына сүйенеді, себебі ол осы үйді
сыртқы дұшпандардан қорғауға тиіс; әйел әлсіз адамның құқығына — өзге еркектерден
қорғанғанда өз ерінің панасында болу құқығына сүйенеді — және де кеңпейіл емессің деп
сөгіп, көз жасының көмегімен ерінің аузын аштырмайды.
Тұрпайы, табиғи жағдайда бұның бәрі, әрине, өзгеше. Ол жағдайда әйел — үй жануары.
Қаруын асынған ер адам алдында, ал оның үй-іші бұйымын арқалаған әйел артында
жүреді. Бірақ тіпті варварлық азаматтық құрылым көп әйел алуды заңдастырған жерде де
өзінің бекінісінде (гарем деп аталатын) ерекше беделге ие болған әйел ер адамға билігін