Page 34 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА. ПРАГМАТИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАҒЫ АНТРОПОЛО

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Меланхолияға бейім адам (меланхолик емес, себебі бұл сөз тек бейімділікті емес, сол хал -
күйде болуды білдіреді) өзіне қатысты нәрсенің бәріне көп мән беріп, барлық жерден
қауіптенетіндей сылтау тауып және ең алдымен қиындықтарға назар аударады. Ал
сангвиник болса, керісінше, ең алдымен табысқа деген үміттен бастайды; сондықтан
біріншісі қаншалықта терең ойласа, екіншісі соншалықты үстірт ойлайды. Оның уәде
беруі қиын, себебі уәдесінен тая алмайды, бірақ оны орындай аламын ба деп те
күмәнданады. Және де осының бәрін ол моральдық себептермен емес (себебі бұл жерде
сөз сезімдік себептер туралы болып отыр), осыларға қарама-қарсы нәрсенің өзіне
жағымсыз екендігімен түсіндіреді, және дәл осы себепті ол уайымшыл, күдікшіл және
ешкімге сенбейтін болады, сондықтан да ойын-күлкіні түсінбейтін болады. Алайда,
бұндай көңіл-күйі дағдыға айналған кезде, адам сүйгіш адамның тым болмағанда
талпынысы жағынан көбінесе сангвиникке тән көңіл-күйіне қарсы келеді, себебі өзі
қуанышсыз күн кешетін адам, басқаға қуаныш тілей қояр ма екен.
Әрекет темпераменттері
С
Ашушаң адамның холерикалық темпераменті
Ол туралы әдетте: ол қызба, сабан сияқты жылдам лап етеді, бірақ өзгелер өзіне көнген
жағдайда тез қайтады дейді. Оның ашуында жеккөрініш болмайды, және де өзгені, өзіне
неғұрлым жылдам көнсе, соғұрлым жақсы көреді. — Оның іс-әрекеті жылдам, бірақ
ұзаққа бармайды. — Ол белсенді, бірақ табандылығы жоқ болғандықтан, жұмысқа
зауықсыз болады; міне, сол себепті ол жұмысты басқарып отыратын, бірақ өзі жұмыс
істегісі келмейтін бастық болып алады. Сондықтан да оның ең аңсағаны — атақ-абырой;
ол қоғамдық іске қуана кірісіп, өзін ашық мадақтағанды қалайды. Соңдықтан да ол
рәсімдердің; сәулеті мен саптанатын ұнатады, басқаларды қанатының астына қуана алады
да, қайырымды болып көрінеді, алайда жақсы көргендіктен емес, тәкаппарлықтан солай
істейді, себебі ол өзін басқалардан көбірек жақсы көреді. — Ол тәртіпті қадағалап
отырады және де сол себепті шындықтағыдан гөрі ақылдырақ сияқты көрінеді. Сараң
болмау үшін, ол үнемі ақшалы болғанды қалайды; ол сыпайы, бірақ рәсімдерді жақсы
көреді, қарым-қатынаста зілді тәкаппар болып келеді, әзілдеп күлкі етуге қасында бір
жағымпазы болады, және де өркөкірек дәмесінің беті қайтса, қанағатсыз дәмесіне
қарсылық кездестірген сараңнан бетер уайымдайды; мәселе мынада, бір мысқал ащы
мысқыл қас қағым сәтте маңғаздың берекесін кетіреді; ал сараңды мұндай кезде тапқан
тиыны жұбатады. — Бір сөзбен айтқанда, холерикалық темперамент —
темпераменттердің ішіндегі ең сорлысы, себебі басқалардан гөрі өзіне қарсылықты көп
кездестіреді.
D
Салқын қанды адамның флегматикалық темпераменті
(des Kaltblutigen)
Флегма сөзі инерттілікті (өлімсірегендікті) емес, аффекттің жоқтығын білдіреді,
сондықтан флегмасы көп адамды флегматик деп айдар тағып, жалқаулар қатарына
жатқызуға болмайды.