Қазақстанның ашық кітапханасы
Жерде мекендеген тіршілік иелерінің ішінде адам өз табиғатындағы өзінің техникалық
(санамен байланысты, механикалық) қабілеттерімен (заттарды пайдалану үшін), өзінің
прагматикалық (өзге адамдарды өз мақсатында шебер пайдалана білу үшін) және
моральдық (өзі мен өзгелерге қатысты, заңдардың аясында еркіндік принципіне сәйкес
әрекет ету үшін) қабілеттерімен табиғаттағы барлық басқа тіршілік иелерінен елеулі
ерекшеленеді; осы үш сатының кез келгенінің өзі жерді мекендейтіндердің басқаларынан
адамдарды ерекшелейтін, адамдарға ғана тән ерекшелік қызметін атқара алады.
1. Техникалық тума қабілеттер. Адам әуел бастан төрт аяқтап, әлде екі аяқпен жүретін
болып жаратылды ма (Москати болжағандай, мүмкін, тек диссертациясына қажет тезиске
ғана бола); гиббон, орангутанг, шимпанзе т.б. да солай жүретін болып жаратылды ма (бұ
мәселеде Линней мен Кампердің пікірлерінде алшақтық бар); адам шөп қоректі жануар
ма, әлде етқоректі ме (асқазаны жарғақты болып табылатындықтан); тұяқтары да, сойдақ
азу тістері де жоқ, демек, (санадан басқа) ешбір қаруы жоқ ол табиғатынан жыртқыш
хайуан ба әлде жуас хайуан ба, — осы сұрақтарға берілетін жауап ешқандай күмән
тудырмайды. Тек мынадай ғана сұрақ қоюға болады: ол табиғатынан қоғамдық хайуан ба,
әлде бөлек жүретін және басқаларға жоламайтын хайуан ба, Ең дұрысы соңғы болжау
сияқты.
Толығымен қалыптасқан және табиғат азық болатын заттармен қамтамасыз еткен алғашқы
адамдардың жұбы, сол кезде біздің қазіргі табиғи жағдайымызда жоқ табиғи инстинктке
ие болмаса, табиғаттың түрді сақтаудағы қамқорлығымен үйлесе алар ма еді. Алғашқы
адам алдынан кездескен алғашқы тоғанға - ақ батып кетер еді, себебі, жүзудің өзі —
үйренуді қажет ететін өнер, немесе ол улы тамырлар мен жемістерді жеп, үнемі соның
салдарынан өліп қалу қаупіне ұрынар еді. Бірақ егер табиғат алғашқы адамдар жұбына
осы инстинктті берсе, онда бұл инстинкттің оның балаларына мұра болып қалмағаны
қалай? Ал қазір біз бұндай инстинктті ешкімнен де байқамаймыз ғой.
Рас, әнші құстар өз балапандарын кейбір әуендерге үйретеді, осылайша ол әуендер
ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады; сондықтан ұясынан көзі ашылмай тұрып алынып
асыранған құс өскен кезінде сайрай алмайды, ол тек қана өзінің көмейіне тән табиғи
дыбыс шығарады. Ал алғашқы құс әні қайдан пайда болған? Оған оны ешкім үйреткен
жоқ қой, және егер ол инстинктивті түрде пайда болса, онда ол неге ұрпақтарына мұра
ретінде берілмейді?
Адамды саналы хайуан ретінде ерекшелейтін қасиеттер оның қолының, оның саусақтары
мен саусақтарының ұштарының түрі мен құрылымынан - ақ, атап айтқанда, олардың
құрылысынан, олардың нәзік сезімталдығынан көрініп тұр, солардың арқасында табиғат
адамды заттарды пайдаланудың бір түріне ғана емес, әлі белгісіз түрлерінің бәріне, демек,
зердені пайдалануға құмар етіп жаратқан, және де ол солар арқылы техникалық
қабілеттерді, немесе саналы хайуан болғандықтан оның тегіне тән шеберлік қабілеттерін
адамның маңдайына жазған.
II. Өркениеттіліктің мәдениеттен, әсіресе қарым-қатынас мәдениетінен шығатын
прагматикалық тума қабілеттері және адамның қоғамдық қатынастарда зорлық-
зомбылықтан тұратын тұрпайылықтан шығып, [өзгелермен] келісімде болуға жаратылған
тәрбиелі (әлі адамгершілікті болмаса да) тіршілік иесі болуға деген табиғи талпынысы, —
бұл жоғарырақ деңгей деген сөз. — Адам тәрбиеге бейім, және ол оған оқып үйренуде де,
тәртіп сақтауда да қажет. — Бұл жерде (Руссомен бірге немесе оған қарсы): адам
баласының өзінің табиғи қабілеттеріне сәйкес мінезі мәдениет жасаған, саны
таусылмайтын өнерлер кезіндегіден гөрі, оның табиғатының [бастапқы] тұрпайылығы