Page 36 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА. Норберт ЭЛИАС. Өркениеттің үдеріс

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Расында да, нақ осы уақытта өркениет үдерісінің маңызды сатысы межесіне жетіп
аяқталады. Алдағы кезде өркениеттіліктің сана-сезімі, өзіндік мінез-құлықтағы және оның
ғылым, техника немесе өнер сияқты осындай субстанциализацияларының (ішкі бірлігі
жағынан қаралатын объективті шындық) басымдығы Батыстың тұтас ұлттарының арасына
тарала бастайды.
Осы үдерістің сана-сезімі де, бұған қоса өркениет ұғымы да болмаған уақыттағы өркениет
үдерісінің сол бір кезеңі жайлы әңгіме енді одан әрі өрбімек.
Түсініктемелер
1. «Әрбір мәдениеттің көрініс табуының өзіндік мүмкіндіктері бар: пайда болушы, пісіп-
жетілуші, солып-семуші және ешқашанда жаңадан қайталанбаушы... Бұл мәдениеттер,
жоғары дәрежелі тәртіптің тірі жан иелері даладағы гүлдерге ұқсас өзінің асқақ та паң
мақсатсыз тіршілігінде өсіп, бой көтереді. Дала гүлдеріне ұқсас олар да Ньютонның
жансыз табиғатына емес, Гетенің жанды табиғатына жатады» (Spengler О. Untergrang des
Abendlandes. Munchen, 1920.1, 28.).
2. Неміс тіліндегі «өркениет» және «мәдениет» сөздері мағыналарының өзгеруі туралы
мағыналар.
«Өркениет» және «мәдениет» ұғымдарының даму барысы жайлы мәселе анағұрлым
егжей-тегжейлі қарауды талап етеді. Бұл арада біздер проблеманы тек ортақ түрде ғана
қойып отырмыз. Бірақ ескертпелердің бірқатарын сонда да болса мәтінде жазылған
жайларға қосқан жөн. XIX ғасырда, әсіресе 1870 жылдан кейін, Германия өз шептерін
Европада нығайтып алған және сонымен қатар отаршылдық державаға айналған кезде осы
екі сөзді қарама-қарсы қою аса елене қойған жоқ, ал «мәдениет» , ұғымы Англияда,
ішінара Францияда болып өткен құбылыстарға ұқсас өркениеттің қарапайым саласын
немесе жоғары дамыған түр-үлгісінің мән-мазмұнын иеленеді. Мәселен, Фридрих Йодль
осылайша оны қолданып, «өркениет тарихы» жайлы жазғандай «мәдениеттің жалпы
тарихы» жайлы жазады (қараңыз: Jodl F. Die Kulturgeschichtsschreibung, 1878. S. 3, 25.).
Г.Ф. Кольб өзінің «Адамзат пен мәдениеттің тарихы» атты еңбегінде мәдениет ұғым-
түсінігіне бүгінгі таңда қолданыстан ойдағыдай шығарылып тастап жатқан алға ілгерілеу
(прогресс) идеясының өзін әкеліп телиді (Коlb G. F. Geschichte der Menschheit und der
Cultur. 1843; кейінгі қайта басылымы «Cultur-Geschichte der Menschheit» атауымен
басылып шыққан). «Мәдениет» жайлы айта келіп, ол төтесінен Бокльдің «өркениетіне»
сілтеме жасайды. Бірақ, оның мақсат-мүддесі, Йодль жазғандай, «өзінің қазіргі заманғы
көзқарастардан алынған елеулі өзгешеліктерін және саяси, әлеуметтік және шіркеудің
бостандықтарына қатысты талаптарды шеттен алып пайдаланады, сол себепті де саяси
партиялық бағдарлама түрінде көрініс беру оңайға соғады» (Jodl F. Op. Cit. N. 36.).
Басқаша айтқанда, Кольб «прогресс адамы, 1848 жылы аяқталған дәуірдің либералы
болып табылады; бұл жағдайда мәдениет ұғымы да батыстық «өркениет» түсінігімен
жақындаса түседі.