Page 35 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА. Норберт ЭЛИАС. Өркениеттің үдеріс

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Салыстырмалы түрде алғанда саяси тұрғыдан белсенді бола түскен француздық
буржуазия (алғашқыда реформаторлық, шамалы уақыттан кейін революциялық) өзінің
мінез-құлқы және қызбалықтарды үлгілеу бойынша белгілі бір шамада - тіпті көне тәртіп
ғимараты күл-талқан болған уақыттан кейін де сарай маңындағы дәстүрмен байланысты
болды және солай болып қала берді де. Ақсүйектік және буржуазиялық топтардың тығыз
байланыстары революцияға дейін көп уақыт бұрын көптеген ғұрыптардың буржуазиялық
ғұрыптарға ауысуына алып келді. Және Франциядағы буржуазиялық революция ескі саяси
құрылымдарды қиратып тастағанымен де, ол мәдени дәстүрдің ажырап-айырылуына әкеп
соқтырған жоқ.
Немістің буржуазиялық зиялы қауымы саяси жағынан мүлде дәрменсіз болса да, рух
саласында батыл қадамдар жасап отырды.Ол осылай ете келе өзіндік,таза буржуазиялық
дәстүрдегі, сарай маңындағы-ақсүйектік дәстүр мен оның үлгілерінен елеулі дәрежедегі
айырмашылығы бар негіздерді қалады. Үйлесімділігі XIX ғасырда бірте-бірте немістік
ұлттық мінезге еніп қалыптасқан ерекшеліктерге ие бола отырып, қазірдің өзінде
буржуазиялық мәнге ауысқан дворяндық құндылықтарда кемшілік болған емес, сонда да
болса немістік мәдени дәстүрдің кең ауқымдағы салалары үшін буржуазиялық түр-үлгілер
басым болып шықты. Буржуазиялық және ақсүйек топтар арасындағы екіге жарылу
жағдайы, осылай ете отырып неміс мәдениеті бірлігінің болмауы XVIII ғасырдан кейін де
көпке дейін жаңғырып тұрды.
Француздың «civilisation» ұғымы француз буржуазиясының айрықша тағдырын,
«мәдениет» ұғымы ретінде неміс буржуазиясының тағдырын дәл осылай елестетеді.
Мәдениет ұғымы секілді, «civilisation» да үшінші сословиенің оппозициялық топтарының,
ең алдымен, қоғамның ішінде жүргізіліп жатқан күресте пайдаланылатын буржуазиялық
зиялы қауымның құралы болды. Буржуазияның өрлеуімен бірге аталған түсінік дәл осы
сияқты ұлттың өзін-өзі танып-білуіне келіп саяды, ұлттық сана-сезімнің көрінісіне
айналады. Революция кезінде «civilisation» ұғымы елеулі роль атқарған жоқ, өйткені
өзінің бастапқы мағынасы бойынша ол эволюцияның бірте-бірте өсіп-жетілу үдерісін
білдірді, революцияның емес, реформаның ұраны саналды. Сол уақыттың өзінде-ақ. ол
революция қарқыны кері кете бастаған мезгілде, ғасырлардың сол бір межесінде
Францияның ұлттық басқыншылығын және отаршылдық ниет-талпыныстарын ақтап алу
үшін пайдаланылып отырды. 1798 жылы Египетке барар жолда Наполеон оз әскерлеріне
арнаған үндеуінде былай деп жазды: «Солдаттар, сіздер - басып алу іс-қимылдарына
қатысушыларсыздар, оның салдарлары өркениет үшін болжап білмейтін жағдай болып
танылады». Енді, осы ұғым-түсініктің пайда болу сәтінен айырмашылығы, өркениет
үдерісі өз қоғамының шегінде аяқталған болып саналады. Халықтар өздерін қазірдің
өзінде «дайын» өркениеттің иегерлері, оны басқаларға жеткізушілер ретінде сезінеді.
Мұның алдындағы болып өткен күллі өркениет үдерісінен олардың санасында бар
болғаны күңгірт те көмескі естеліктер қалады. Олардың өркениетті мінез-құлыққа ұзақ
ғасырлар бойы жүріп жету фактісінің өзі енді ойға алынып түйсінілмейді, бүл қалай
болып еді деген мәселе де енді қызығушылық тудырмайды. Жекелей үстемдіктің өзіндік
«өркениетінің» сана-сезімі - отаршылдық басып алу әрекеттеріне кіріскен және сөйте
отыра Европадан тыс жерлердегі құрлықтардың иелеріне айналған ұлттар үшін өркениет
ұғымының түп-тектері - «politesse» мен «civilite» - бұрынырақта ат төбеліндей сарай
маңы-ақсүйек қауымының үстемдігін заңдастыру үшін қалай қызмет етіп келсе, бүл да
солай қызмет етеді.