Қазақстанның ашық кітапханасы
Осы беріліп отырған бағада адамның, оны айтушының әлеуметтік жағдайымен
пайымдаудың байланысы жақсы көрініп тұр. Фридрих сол сияқты талғамсыздыққа қатты
қарсылық білдіреді, өйткені, осы талғамсыздықпен қоса «grandeur tragique des Princes et
des Reines» те сахнаға "bassesse des crocheteurs et des fossoyeurs»-пен бірге ұсынылады.
Оқиғалар өрістейтін орталық орны нақ осы топтық (сословиелік) айырмашылықтармен
күрес жүргізу болып табылатын драмалық және әдеби шығармаларды он қалайша түсіне
және бағалай алмақ еді? Себебі, бұл шығармалар князьдардың, корольдер мен сарай
маңындағы ақсүйек қауымның жан күйзелістерін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік
сатының төменгі баспалдақтарында тұрған, айбындылық пен адам айтқысыз қиын да ауыр
жағдай еншісіне бұйырған бейшара жандардың қайғы-қасіретін көрсетуге талпынды.
Буржуазиялық топтар бірте-бірте Германияда да ауқатты жандарға айналды. Пруссиялық
король осыны байқап-біліп, өнер мен ғылымның оянуын, «бақытты революцияның»
боларын алдын ала болжайды. Бірақ бұл буржуазия корольге қарағанда, өзгеше мәнердегі
тілмен сөйлейді. Буржуазиялық жастардың ой-мұраттары мен тілек-талғамдары, олардың
мінез-құлқының үлгілері дара билеуші патша (монарх) мақтан тұтатын жайларға енді
болмағанда қарама-қайшы болып шығатындай екен.
«Страсбургте, француз шекарасында,- дейді Гёте «Поэзия мен шындықта» (9-кітап.),- біз
тұп-тура француз рухынан босап шықтық. Біз өмірдің бұл стилін мейлінше ұйымдасқан
және шамадан тыс ақсүйекті бола түскен түрде, поэзияны салқын, философияны миға
қонбайтын күйде таптық».
Осындай көңіл күй ауанымен ол «Гёцаны» шабыттана жазып шығады. Оны Фридрих Ұлы,
әрі патша ағзам, әрі ақсүйек-сарай айналасындағы талғамды ұнатушы жоғары мәдениетті
және ұтымды абсолютизмнің өкілі қалайша түсіне алмақшы? Қалайша король Лессингтің
драмалары мен теорияларын бағалай алмақшы, егер ол корольмен кінәласып қалғандығы
үшін ғана Шекспирдің атақ-даңқын жұртқа жайып жатса? Француз классиктерінің
шығармаларына қарағанда, Шекспирдің халықтың тілек-талғамына жақын болғандығы
үшін де ол осылай етіп отыр.
«Егер Шекспирдің аса көрнекті туындыларын... біздің немістер... аударатын болса, онда
мұның салдарлары Корнельмен және Расинмен болғандағыдан да гөрі тәуір болып
шығатындығын мен шүбәсіз білетін боламын. Бұлай болатыны, ең алдымен, халық осы екі
ақыннан таба алмаған нәрселерді өзінің талғамына сай келетін салдарлардан табады», -
деп жазды Лессинг 1759 жылы өзінің «Жаңаша әдебиет туралы хаттарында» (I бөлім, 17-
ші хат). Буржуазиялық топтардың буырқанып оянған сана-сезіміне сәйкес ол
буржуазиялық пьесалардың өмірге келуін қажетсінеді, өйткені, ұлылық сарай
маңындағылардың артықшылығы болып табылмайды, және оларды өзі жазады. «Табиғат,
- дейді Лессинг, - адамдардың да арасында жүргізілетін осы бір жеккөрушілік
айырмашылықты білмейді. Ол жүректердің қадір-қасиеттерін кеңінен тарата отырып,
атақты және бай адамдарға артықшылық жасамайды».