Қазақстанның ашық кітапханасы
56
Бұлқайыровты ат үстінен құлатты да, оның атын тартып алып, жетектеп әкетті. Рахим
Өмірзақов Құнанбаевқа келіп бұлай етудің жақсы еместігін және ұят екендігін айта
бастады. Құнанбаев Өмірзақовты ұруға ұмтылды, сол кезде жұрт топырлап берді де,
айқай-шу көтерді, одан әрі не болғанын көрген жоқпын. Уезд бастығы шығып, жұртты
тарата бастады. Өзім ешқандай төбелеске қатысқан жоқпын". Әбділда Бұлқайыров былай
дейді: „Құнанбаев Құлайғыровты аттан арқанмен сүйреп түсіріп, ұра бастады. Мені де
таяқтай бастағанын білем, өзімді Өмірзақовтың ажыратып алғанын білем, ал есімді жиған
кезде қарасам, тобырдан аулақта жатыр екем".
Екі түрлі және бір-біріне тіпті де үйлеспейтін жауаптар емес пе, сондықтан бұдан
төбелестің кім үшін және не үшін басталғанын айырып болмайды. Құлайғыровтың
айтуына қарағанда, төбелес менің Бұлқайыровты сабай бастағанымнан, ал Бұлқайыровтың
көрсетуінше, Құлайғыровты таяқтағанымнан келіп шыққан. Шыншыл жауаптар деген осы
болғаны ма сонда? Тіпті, мен ұрды деген адамдардың өздері де менің кімді сабағанымды
білмейді — өзін бе, әлде басқа біреуді ме?
Егер менен соққы жеді деген басты куәгерлердің жауаптары осындай болса, онда басқалар
туралы не айтуға болады! Барлық айыпкерлер мен олардың куәгерлерінің жауаптары
сондай — олардан төбелестің қалай басталғандығын, қалай жалғасқандығын және қалай
аяқталғандығын, әуелі кімнің бастағанын, сонсоң кімнің араласқанын және кімнің кіммен
төбелескенін біліп болмайды. Олардың барлық жауаптарында ортақ бір ғана сөз бар:
„Айқай-шуды естіп, оқиға болған жерге жүгіріп келдім, содан соң ештеңе көрген
жоқпын".
Олардың төбелес Құлайғыров пен Бұлқайыровқа бола басталды деген сылтаулары да
ойдан шығарылған, өйткені егер Құлайғыров пен Бұлқайыровтар өздерінің қайсысы үшін
төбелес басталғандығын білмесе, онда оны айыпкерлердің куәгерлері қайдан білмек?
Айыпкерлердің куәгерлері шындықты қаншалықты көрсетіп отырғандығын осыдан-ақ
көруге болады. Семей облыстық басқармасының (мен, істе оның доғарылғандығы туралы
Прокурордың қорытындысы мен соттың анықтамасы жоқ болғандықтан, тек олардың
басқарма пікірімен келісімі ғана бар болғандықтан, облыстық басқарманың тұжырымдары
мен қорытындыларын ғана талдап отырмын) өзінің қаулысында: айып тағушы куәгерлер
шынжырлы сағатты кім жұлып алғанын, бәкіні кім, бөрікті кім әкеткенін, барлығы бірдей
көре алмауы керек, өйткені жаппай төбелес кезінде олардың бәрі бірдей бір ғана нәрсені
көруі мүмкін емес делінген.
Бірақ мәселе мынада: облыстық басқарма қалайда төбелестің болғандығына сенімді,
сондықтан куәгерлердің берген жауаптарын істің мән-жайы мен жауаптардың растығы
тұрғысынан емес, нақ осы төбелес тұрғысынан талдайды. Оқиғаның ақиқатына
қорытындылардың сәйкес келуі үшін оқиғаның өзі дұрыс анықталуы қажет. Облыстық
басқарма сонда нақ төбелес болды дегенді қандай мәліметтерден тауып отыр?
Айыпкерлер мен олардың куәгерлерінің жауаптарынан! Бірақ олардың жауаптары
өздерінің мәні жағынан да, формасы жағынан да ештеңенің басын аша алмайды — бұл
оқиғалардың шын мәнінде қалай өткендігін көрсететін куәгерлердің жауаптары емес, тек
төбелестің болғандығын пайымдау ғана. Ал айып куәгерлердің менің сағатымды кім,
бәкімді кім, бөркімді кім жұлып алғандығын көру ықтималдығы — әбден табиғи нәрсе,
өйткені маған шабуыл жасалған кезде олар нақ сол жерде тұрған, сондықтан
айыпкерлердің маған қалай бас салғандарын, сонсоң таяқтың астына алғандарын және тап
сол сәтте бойымдағы заттарды жұлып ала бастағандарын көрулері әбден мүмкін еді.