Қазақстанның ашық кітапханасы
55
өздерінің көз алдарында болмаған нәрсені көрген болыпты, ал шын мәнінде болған
жайтты көрмей қалыпты.
Куәгер Омар Оспанов былай деп көрсетеді: Құнанбаев сайланған адам ретінде, уезд
бастығының бұйрығы бойынша, Шыңғыс және Мұқыр болыстарының шекараларын
белгілеу үшін келді; болыс Әкімғожинді төбелес кезінде көрген жоқпын — бір жаққа
жасырынып қалса керек, ол жанжал аяқталғанда ғана келді; сағат, бөрік және бәкі
Құнанбаевтан төбелес үстінде жұлып алынған деп есептеймін. Ол Құнанбаевтың сынған
сандығын уезд бастығына көрсеткен кезде ішінде болған. Оспановтың „төбелес кезінде
Әкімғожинді көрген жоқпын, бір жаққа жасырынып қалса керек, жанжал аяқталған соң
келді" деген жауабының үлкен де елеулі маңызы бар. Құнанбаевтың уезд бастығының
шақыртуымен келгендігі, оның келуінің болыс Әкімғожин мен оның партиясы үшін өте
қолайсыз болғандығы тергеу ісін жүргізу барысынан көрініп тұр, сондықтан да, олар
барлық айла-шарғыны қолдана отырып, оны кетіруге тырысты да, осы мақсатпен 17 және
18 июньде уезд бастығына келіп, одан мені съезден кетіру жайлы жарлық беруді өтінді.
Уезд бастығы ондай жарлық бере қоймап еді, сол кезде олар зорлыққа жүгінді.
Оның басты жетекшісі, айдап салушысы және белсендісі Әкімғожин болды. Мен уезд
бастығының киіз үйінен шығып, сол маңайда отырғанымда, ол өзінің сыбайластарын
жинап алып, маған шабуыл жасауға көндірді және де оларға өзі бас болып белсене
қатысты. Ал тобырдың мені бас салып төпелеп жатқанын, сөйтіп, өз мақсатына жеткенін
көрген мезетте ол дереу бой тасалап, тобырдың ішінде бүркемеленіп қалды да, мен
соққыға жығылып, жұлым-жұлымым шығып, тоналып, жерде сұлап жатқан сәтте ғана
көпшіліктің көзіне түсіп, шыға келеді. Егер уезд бастығы мені көтергісі келсе, онда ол
мұны маған шабуыл жасағанға дейін-ақ істеуіне болар еді, сондықтан Әкімғожин бастаған
тобырға уезд бастығының жарлығы бойынша менің сайлаудан және шекараны
белгілеуден шеттетілетіндігім, сондай-ақ Мұқыр болысында жасырынып жүрген
қашқындарды әшкерелеуге менің қатыспайтыным әлдеқашан белгілі болса, онда оларға
мені тарпа бас салудың, тонаудың және сабаудың қажеті шамалы болар еді және олар
мұны мақсат та етпес еді. Облыстық басқарманың қаулысында төбелес туралы ғана
айтылған, бірақ тек айтылып қана қойған; өйткені бүкіл тергеу ісін жүргізуден төбелестің
болмағандығы көрініп тұр; төбелес деген күштері шамалас топтар айқасқан жағдайда ғана
болады, сондай-ақ, төбелес үстінде әрдайым екі жақтан да соққыға жығылғандар,
жараланғандар болады. Ал мынау істе, бір ғажабы, менен басқа таяқ, жеген ешкім жоқ —
тек мен ғана; демек, бүкіл тобырмен тек бір өзім ғана төбелескен болып шыққанмын. Бұл
тіпті мүмкін емес жағдай, өйткені бір өзім бүкіл тобырмен төбелеске шығу үшін менің
бойымда Самсонның күшіндей күш, қолымда есектің басындай салмақ болуы керек қой.
Айыпкерлер төбелес болды дегенді дәлелдеуге тырысады. Әрине, бұл олардың тарапынан
заңды да. Ал облыстық басқарманың төбелесті қандай жағдайдан көріп отырғанына
түсінбей-ақ қойдым. Айыпкерлер мен олардың куәгерлері: Шыңғыс болысына өт деген
ұсынысыма келісім бермегені үшін Құлайғыровты таяқтағанынан келіп төбелес шықты
деп көрсетеді; оған Бұлқайыров ара түскен екен, мен оны да сабай бастасам керек, содан
барып жанжал көтерілген, нәтижесінде ғайыптан тайып, тек мен ғана соққы жеп,
тоналғанмын.
Айыпкерлердің өздерін ақтау мақсатында бұл төбелесті ойдан шығарғандығын және оның
негізсіздігін анықтау үшін, басқа куәгерлердің жауаптарын былай қойғанда, менен таяқ
жеді деген Әзберген Құлайғыров пен Әбділда Бұлқайыровтардың формальды тергеуде
берген жауаптарын салыстырудың өзі жетіп жатыр. Әзберген Құлайғыров былай дейді:
„Ибрагим Құнанбаев уезд бастығының киіз үйінің арғы бетінде тұрып, Әбділда