31
Ал, басқа мемлекеттерде портты басқару моделі жоғарыда келтірілген нұсқалардан
түбегейлі айырмашылығымен ерекшеленеді. Мәселен, Канадада барлық ірі порттар
ұлттық порттар кеңесінің құзіреті мен орталық басқару органдарының тікелей
бақылауында болып отыр және Федеральді қаржы министрлігімен қаржыландырылады.
Франциядағы ірі Дюнкерк порты мемлекеттің меншігінде. Осыған сәйкес Сингапур,
Бомбей, Лагос, Акаба порттары да мемлекеттің иелігінде.
Дүниежүзі бойынша көптеген порттардың мемлекет иелігінде болып отырған үдерісін,
осы саланың мамандарының пікірінше порт дамуына оңды әсерін тигізеді деген тұжырым
жасап отыр. «Порт» сөзі романдық топтағы тілдерден аударғанда «есік» деген ұғымды
береді. Демек, елге, мемлекетке, экономикаға ашылған «есік» деген түсінікпен сәйкес
келеді. Осы ойға сәйкес, жалпы мемлекеттік мүддені қорғау түсінігімен алып қарағанда,
порт қызметін басқаруды жеке меншік секторға беру дұрыс емес екендігін ортаға салуда.
Қара теңіз параход шаруашылығының және «Совфрахт» мекемелерінің мамандары 1982
жылы «Морской флот» журналында былай деген: «Теңіз порттары мемлекеттік
инфрақұрылымның бөлігі болып табылады. Бұл капиталды көп қажет ететін және
экономиканың пайда әкелмейтін саласы. Көптеген капиталистік мемлекеттерде теңіз
порттары жеке меншік секторға емес, жалпы мемлекеттің мүддесіне қызмет атқарады
жәнеи оны мемлекет бақылап отырады. Капиталды көп қажет ететін су түбін тереңдету
және гидрогеографиялық жұмыстарына мемлекет өз қаржатын жұмсайды».
Бұл пікірдің өзіне ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де, қазіргі күні өзекті болып отыр.
Сонымен, жоғарыда қарастырылған «Порттарды реформалау құралдарында» кездесетін
себептердің басым көпшілігі АҚШ-тың, Еуропаның, ТМД мемлекеттеріндегі Ресей мен
Украинаның порттарындағы реформалау және дамыту мәселелерімен тікелей байланысты.
Мемлекет пен жеке меншік капиталдың үйлесімді қызмет атқаруы мен жалпы мемлекеттік
мүддені басым етіп қоятын мемлекет иелігіндегі порттар көптеп кездеседі.
Жекешелендіруге сәйкес пікірлердің порт қызметіндегі ерекшеліктерге ғана тән үдеріс
екендігін анықтап отырмыз.
Халықаралық тәжірибедегі порттарды басқару мен реформалау мәселелерімен қатар,
әлеуетін дамытуға сәйкес бағыттар да бар. Мәселен, Ресей Федерациясы Үкіметінің теңіз
коллегиясы мен Мемлекеттік кеңес Президиумінің біріккен отырысында ортаға салған
мәселерде «... теңіз көлігінің инфрақұрылымын дамытуға кедергі жасайтын факторлар
келесідей: экспорттық жүктерді тасымалдауға бағытталған порт қуаттылықтарының
қарқынды даму әсерінен импорттық жүктерді (контейнерлер және сырғымалы жүктер)
тасымалдауға бағытталған порт қуаттылықтарының тапшылығы, порттық және порт
маңындағы инфрақұрылымды дамытудағы шектеулер. Теңіз порттарының келешекте даму
бағыттарында айырықша порттық экономикалық аймақтардың порт-хабтарын құру
басымды болып отыр. Айырықша порт-хабтарында бәсекелестік артықшылық ретінде ірі
тонналы кемелерді өңдеу, контейнерлі терминалдар құру, жүктерді кедендік рәсімдеудің
жеңілдетілген түрін енгізу».
Каспий бассейніндегі порттардың қызметі мен әлеуеті жөніндегі талдау келесідей сипат
алып отыр.