18
Екіншіден, теңіз порты каботажды жүзуде елдің ішкі тасымалының қажеттілігін
қанағаттандырады;
Үшіншіден, теңіз көлігі шетел фрахтілеушілердің жүгін тасымалдауын қамтамасыз етеді,
оның ішінде экспорттық-импорттық тасымалдау, шетел порттарының арасындағы арнайы
рейстегі жүктерін тасымалдау.
Теңіз портының негізгі артықшылығы сыртқы экономикалық байланысты нығайтатын
көлік түрі болып саналады. Ол халықаралық, континентаралық байланыс дәнекері ретінде
орын алып, үлкен жүк көтеретін көлік құралдарын жобалау мен құрылысына мүмкіндік
беретін өткізу әлеуеті шектеусіз. Басқа көлік түрлеріне қарағанда қозғалыс кедергісі төмен
болғандықтан, алыс қашықтыққа жүре алады және жанармайға кететін шығын мөлшері
салыстырмалы түрде алғанда төмен. Сондықтан басқа көлік түрлеріне қарағанда
тасымалдау құны арзан.
Теңіз көлігінің кемшілігі болып табылатын келесі факторлар: географиялық және ауа-
райы жағдайына тәуелділігі (су тасқыны, кеме жүзу кезінің ұзақтығы); порт
шаруашылығы мен көлік флотына күрделі қаржының үлкен көлемде жұмсалуы.
Соңғы жылдары республиканың көлік кешенінде теңіз көлігінің рөлі артып келе жатыр.
Ол өз алдына Қазақстанды сыртқы экономикалық қатынас арқылы әлемдік
шаруашылыққа енуіне мүмкіндік беретін бірден бір стратегиялық бағыт ретінде орын
алып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда жеке сауда флотының жоқтығынан теңіз арқылы
жүк тасымалдау аралас сипаттағы теміржол-теңіз, автомобильді-теңіз жүктерін паромды
қатынаспен, сонымен қатар фрахталған кемелер арқылы мұнай тасымалдаумен шектеліп
отыр.
Әлемдік тәжірибеге сәйкес теңіз порттары келесі белгілер бойынша жіктелінеді:
қажеттілігі және белгісіне қарай, кемелерге қызмет жасау айлағына, жүк айналымы мен
кеме айналымы бойынша, қызмет түрі мен техникалық-экономикалық критерийлеріне,
географиялық жағдайына және т.б сипаттарға байланысты бөлінеді.
Теңіз порттарын табиғи – географиялық және тарихи факторларға сәйкес табиғи
монополияның қатарына жатқызуға болады. Порт-теңіз кемелеріне жүкті тиеу - түсірумен
айналысатын кәсіпорын ғана емес, ол жүк айналымына байланысты қыруар құжаттар мен
ақпараттарды өңдейтін күрделі ұйымдасқан құрылым. Сонымен қатар азық-түлік
тауарларына санитарлы-эпидемиологиялық бақылау жүргізетін, шекаралы және жүк
тасқынын қадағалау мен рәсімдеу жұмыстарымен айналысатын кедендік қызмет болып
табылады.
Халықаралық кеңістікте теңіз портының бәсекелестік қабілеттілігінің жалпы сипат алатын
критерийлері мен параметрлері бар. Ол жоғары жүк өткізу қабілеттілігі мен қуатты теңіз
флоты, сонымен қатар логистикада, кедендік қызметте тиімді қызмет атқаратын қосымша
құрылымдар. Осыған орай кеме қатынасының қарқынды даму жағдайында барлық елге
бірдей жіктелінген техникалық- экономикалық критерийлер жоқ, ол тек жалпылама сипат
алады. Мәселен, Англияда порт разрядының көлемі барлық порттардың жүк
айналымының ішіндегі үлесімен есептелінеді, Норвегияда кемені орналастыру түрі
бойынша жіктелінеді, Польшада жүк пен кеме айнылымының қатынасы арқылы порттың
маңыздылығы анықталынады.