294
Іспен байсалды түрде айналыса [алатындарды] тарту керек; іспен айналысқысы
келмейтіндерді қуу керек. Бес дене кемістігінен жапа шегуші адамдарды жоғарыдағылар
өзіне тартуы және оларға мүмкіндіктеріне қарай [тиісінше] жұмыс беруі, оларды
[жұмысқа] пайдалануы, тамақтандыруы және киіндіруі тиіс, олардың әрқайсысы туралы
алаламай күнделікті қамқорлық жасау қажет. Таланттары болғанымен, өз әрекеттерінде
уақытқа қарсы жүретіндерді аяусыз өлтіру керек. Міне, аспандық қайырымдылық деп
осыны айтады, міне, ванның басқаруы деген, осы.
[Мемлекеттік] істерді басқарудағы ұлы борыш мынадан тұрады: ізгі ниетпен келгендерді
рәсімдер ережесіне сәйкес қарсы алған жөн; теріс ниетпен келгендерді қылмыстық
жазалау заңдарымен қарсы алу керек. Адамдардың осындай екі [типі] ажыратылған кезде,
талантты жөне талантсыз адамдар араласып кетпейді, ал ақиқат пен жалғандық
шатаспайды. Талантты және талантсыз адамдар араласпағанда, ерекше және таланты
тұлғалар алға жылжуға мүмкіндік алады; ақиқат пен өтірік шатаспаса, мемлекетте [тәртіп]
салтанат құрады. Мұндай жағдайда [ванның] даңқы күн санап өседі, Аспан астындағы
адамдар [оның соңынан] құлшына ілеседі, оның бұйрықтары мен тыйымдары орындалады
— ванның істері [табысты] аяқталады.
Егер [мемлекетті] басқаруда тек күш көрсетуге, үрейлендіруге және қаталдыққа қол
созып, адамдарды өз соңынан қайырымдылықпен ілестіруге ұмтылмаса, төмендегілер
үрей құшағында болып, [билеушіге] жақындауға батылы бармайды, бұйығы қалыпқа
түсіп, оған [елдегі шынайы жағдайды] ашуға батылы бармайды. Мұндай жағдайда
[мемлекеттегі] ірі істер бетімен кетеді, ал шағын істер — басып тасталады. Егер [халыққа]
тек шыдамдылық пен кішіпейілділік қана танылып, оны өзінің соңынан [тек]
қайырымдылық [арқылы] ертсе және [оның нашар қылықтарының] жолын кеспесе, онда
зұлым сөздер барлық жерде айтылатын болады, оғаш сөздер өткір пышақ секілді
[құлақты] кеседі. Осылайша көптеген шатасқан істер пайда болады, бүл [елді басқаруға]
тек қана нұқсан келтіреді.
Бұдан заң болып, бірақ талқылау болмаса, [тікелей] заңда қарастырылмаған [істердің]
құлдырайтыны; қызметінен [алынғанымен], бірақ [оны алушыда] ауқымды [білім]
болмаса, оның [тікелей] міндетіне кірмейтін істердің құрдымға кететіні айқын көрінеді.
Сондықтан заң және оны талқылау болғанда, қызметті иеленген адам ауқымды [білімге]
ие болғанда [адамдар] әз ниеттерін жасырмайды, игі істер бетімен кетпейді, барлық істе
қате жасалмайды, мұның барлығы да кемеңгердің күшімен іске асады. Сондықтан әділет
пен бейбітшілік — басқарудың өлшемі, ортасы мен келісім — оның ережесі. Заңда
көзделген істерді заңға сәйкес істеу керек; заңда [тікелей] көзделмеген істерді, аналогтары
бойынша істеу керек — міне, [мемлекетті] толықтай басқаруды іске асыру деген, осы.
Егер де өзімшіл және бұрмалағыш болып, дұрыс әдістер қолданылмаса, билеу де
бұрмалағыш болады. Сондықтан басқару [әдістері] тамаша, ал елде — тәртіпсіздік етек
алған жағдайлар да болады; бірақ ерте заманнан біздің заманымызға дейін тәртіпсіздіктің
кемел [билеуші] тұсында болғаны естілген жоқ. Әпсанада былай айтылған: "Тәртіп
кемеңгерлердің арқасында пайда болады, тәртіпсіздікті надан адамдар шақырады".
Егер бөлу [теңдей] болса, онда барлығына жетпейді; егер билікті теңестірсе, тұтастық
мүмкін болмайды; егер барлығы тең болса, ешкімді [жұмыс істеуге] мәжбүрлей алмайсың.
Аспан мен жердің өмір сүретініне [ұқсас] жоғарыда тұрғандар мен төменде тұрғандардың
арасында да айырмашылықтар болады. Дана вандар таққа отырып, мемлекетті басқаруға
кіріскен сәттен бастап-ақ олар осы жүйені енгізді. Екі атақты адам әрекеттерінде бірін бірі
ауыстыра алмайды, екі қарапайым адам бірін бірі [жұмыс істетуге] мәжбүрлей алмайды