Page 262 - Ежелгі шығыс философиясы

Basic HTML Version

262
Мұндағы мәселе адамға Аспанның еркіне қарай бейімделмеудің дұрыстығында, пайда мен
зиян туралы болжам жасамаудың дұрыстығында болып отыр.
Ян Бу айтады:
Менің мұндағы күмәнданатыным, екі адам. Жастары жағынан олар — үлкен аға
және кіші іні, сөздері жағынан — үлкен аға және кіші іні, дарыны жағынан —
үлкен ата және кіші іні, түрі жағынан — үлкен аға және кіші іні. Ал енді ұзақ
өмірлігі жағынан олар — әкелі-балалы, бекзаттығы мен опасыздығы жағынан —
әкелі-балалы, даңқы жағынан — әкелі-балалы, махаббаты мен өшпенділігі
жағынан — әкелі-балалы.
Ян Чжудың жауабы:
Көнелерде сөз болған, менің есімде қалғанын саған айтайын. Өзінен өзі сондай,
бірақ неге ондай болатыны белгісіз болатындардың бәрі — тағдырдан. Қайсыбіреу
әрі қараңғыда, әрі тұманда, әрі ретсіздікте, әрі ымыралықта, әрі әрекет соңында
жүргенде, әрі әрекетсіздік жағдайда, бір күндік тіршілікте, басқаға ауысқанда,
қазіргі жағдайда болып жатқанның бәрінің себебін біле алуға қабілетті ме екен?
Оның бәрі — тағдырдан. Тағдырға сенетін ұзақ өмірді және қысқа өмірді жоққа
шығарады; табиғи заңдылыққа сенетін ақиқат пен жалғанды жоққа шығарады;
ақылға сенетін қайсарлықты жоққа шығарады; табиғатқа сенетін қауіптілік пен
қауіпсіздікті жоққа шығарады. Осыған қарағанда олардың бәрі неге сенсе, соған
қарсы шығады, неге сенбесе оған да қарсы шығады деп айтуға болады. Ақиқат
осы! Шындық осы! Неден қашу керек? Неге жақындау керек? Не нәрсеге қайғыру
керек? Не нәрсеге қуану керек? Не нәрсеге қарай әрекет жасау керек? Не нәрсеге
қарай әрекет жасамау керек?
Сары ата тек туралы аңыздарда айтылады: "Нағыз адам өлген адам сияқты отырады,
байлаулы адам сияқты қозғалады; не үшін отырғанын білмейді, не үшін отырмайтынын да
білмейді; не үшін қозғалатынын, не үшін қозғалмайтынын білмейді. Оның сезімі мен
сыртқы түрі бұқара халық көзқарасының ықпалымен өзгермейді; сезім мен сыртқы түрі
бұқара халық көзқарасының ықпалы жоқ болса да өзгермейді. Ол жалғыз кетеді және
жалғыз қайтып келеді, жалғыз кіреді, жалғыз шығады әрі оған кім кедергі жасай алады?"
Төрт адам — Жылпос, Өкпелегіш, Шабан және Қызба — бәрі бірге жер жүзін шарлайды.
Олардың әрқайсысы өз қызығушылықтарымен болады да, күндерінің соңына дейін бір-
бірін біле алмайды. Әркім өз білімін терең деп есептейді.
Төрт адам — Сөзуар, Аңқау, Ысылмаған және Жағымпаз — бәрі бірге жер жүзін
шарлайды. Олардың әрқайсысы өз қызығушылықтарымен болады да, күндерінің соңына
дейін бір-біріне құпиясын айтпайды. Әркім өз шеберлігін ең нәзік деп есептейді.
Төрт адам — Зұлым, Ашық, Тұттұқпа және Жамандағыш — бәрі бірге жер жүзін
шарлайды. Олардың әрқайсысы өз қызығушылықтарымен болады да, күндерінің соңына
дейін бір-бірін түсінбейді. Әркім өз дарынымен жетістікке жетеміз деп есептейді.
Төрт адам — Екіжүзді, Мазасыз, Өжет және Жасқаншақ — бәрі бірге жер жүзін
шарлайды. Олардың әрқайсысы өз қызығушылықтарымен болады да, күндерінің соңына
дейін бір-бірін ұялтпайды. Әркім өз ісін мінсіз деп есептейді.