Page 184 - Ежелгі шығыс философиясы

Basic HTML Version

184
Сондықтан бұрынғы вандар айтыпты: "Мына ұстанымға (еріндер), оны аспан астындағы
ірі істерге байыппен қолданыңдар, сонда Аспан астында тәртіпсіздік болмайды. Егер
тәртіпті ұсақ-түйектен бастасақ, онда қиыншылықтар азаймақ. Егер халық осы рәсімге
жету қабілетін үнемі жетілдірсе, онда ол өмір бойы таусылмайтын пайда табатын болады"
"Чжоу Одалары" хабарлайды:
Білгірдің жетік ізгісі,
Аспанның шоқты үлгісі,
Кеңейсе жердің күші,
Түрленер Аспан түсі.
Жұмыр жерді бекемдеу,
Асқар тауды әрең деу,
Шіріктердей құламас,
Күн нұрына құрамдас.
Айдай толып жарқырар,
Мәңгілікке талпынар.
Жетік білгір адамдардың ізгілігі туралы, ізгіліктің айқындылығы мен айбындылығы
туралы, төзімділігі мен өзгермес мәңгілігі туралы осылай айтылған. Сондықтан жетік
білгір адамның ізгілігі күллі дүниеге тарайды.
Егер ендігі үлкен топтар — вандар, гундар — Аспан астын билемекші болса, чжу-хоуды
бағынышта ұстағысы келсе, онда әділдік (даусына) құлақ аспай, қалайша мұның бәріне
қол жеткізеді? Олар шексіз билікті пайдаланып, патшалық әміршісі мен халықты үрейде
ұстағысы келеді.
Ендігі үлкен топтар — вандар, гундар — халықты өліммен қорқыту арқылы билік пен
бағынушылықты қатар орнатуды ойдан шығармайды. Халық үлкен ниетпен өмірге келеді
де, өшпес кекшілдікте өледі, үйткені ол тілегеніне жете алмайды, тек үнемі жек көретініне
ұшырайды. Ежелгі дәуірден күні бүгінге дейін Аспан астын зұлымдық жолымен
басқарған, патшалықтың әміршілерін әрдайым бағынышта ұстаған бірде-бір (мысал)
болған емес. Әйтседе ендігі үлкен топтар — вандар мен гундар — Аспан астын
билеткізетін, патшалықтың әміршілерін бағынышта ұстатқызатын, таққа отырғызатын,
өздерінің атақ-даңқын ұрпақтарына ұластыратын басымдыққа тырмысуда. Олар неге елді
басқарудың негізі данышпандарды құрметтеу екенін білгісі келмейді, сол туралы
ойланбайды? Мұның өзі жетік білгір адамдар қылықтарының жоғарғы (өлшемі) болды.
Тарау. "Бірлікті құрметтеу"
Бірінші бөлім
Ұстаз Мо-цзы айтты: "Адамдар алғаш пайда болған ертедегі дүниеде ешқандай жаза
болмаған, әйтседе әділеттілік туралы әркімнің өзіндік түсінігі болған. Біреудің — бір,
екеудің — екі, онның — он түсініктері болған. Адамдардың саны көбейген сайын,
әділеттілік туралы түрлі-түрлі түсініктер қалыптасты. Әркім өз көзқарасын дұрыс деп
есептеді де, басқалардың көзқарасын жоққа шығарды, содан адамдар арасында дау мен
жаугершілік күшейді.
Отбасында әкелер, балалар мен ағайындылар бірін-бірі жаратпай жөне жеркене қарады,
тыныштықта бірге өмір сүре алмағасын, олар бір-бірінен бөлініп кетті. Аспан астындағы