Page 110 - Ежелгі шығыс философиясы

Basic HTML Version

110
77
Аспан даосы садақ тартқанды еске түсіреді. Оның жоғарғы жағы төмендегенде, төмен
жағы жоғарылайды. Ол артық жерін алып тастайды және алып тасталғанды кім қажет
еткен, соған береді. Аспан даосы байлардан тартып алып, тартып алынғанды кедейлерге
береді. Адам даосы — керісінше. Ол кедейлерден тартып алып, тартып алынғанды
байларға береді. Кім басқаларға барлық артық қалғанды бере алады? Бұны тек даоны
ұстанатындар ғана істей алады. Сондықтан кемеңгер данышпан жасайды және
жасалынған нәрсені пайдаланбайды, ерлік жасайды және өзін мадақтамайды. Ол разы
болады, өйткені оның құмарлықтары жоқ.
78
Су — әлемдегі ең жұмсақ және ең әлсіз нәрсе, бірақ қатты мен тығызды жеңуде оның
алдына түсер ешнәрсе жоқ. Әлсіздер мықтыларды жеңеді, жұмсақ қаттыны жеңеді. Оны
барлығы біледі, бірақ адамдар оны іске асыра алмайды. Сондықтан кемеңгер данышпан
былай дейді: "Кім елдің намысын өзіне қабылдаса — сол ел басшысы болады, кім елдің
бақытсыздығын өзіне қабылдаса — сол билеп-төстеушісі болады". Шындық сөздер өзінің
қарама-қарсылығына ұқсас.
79
Үлкен бүлікті басқаннан соң міндетті түрде оның салдары қалады. Бұны қалай жақсылық
деп атауға болады? Сондықтан кемел дана ешкімнің бетіне басып ұялтпаймын деп ант
береді. Қайырымдылар келісімге келуге, ал қайырымсыздар күштеп алуға тырысады.
Аспан даосы барлығына бірдей қарайды, ол әрқашан қайырымдылар жақта.
80
Мемлекет кішкене, ал тұрғындары сирек болсын. Егер [мемлекетте] әртүрлі қарулар
болса, оларды қолданбау қажет. Адамдар өмірлерінің соңына дейін [оз орындарынан]
алысқа кетпесін. Егер [мемлекетте] қайықтар мен екі аяқты арбалар бар болса, оларды
қолданбау керек. Тіпті әскерлер бар болса да, оларды тізіп қоюға болмайды. Халық
түйіндер тоқуды және оларды жазудың орнына қолдануды бастасын. Оның тамағы тәтті,
киімі әдемі, тұратын жері ыңғайлы, ал өмірі қуанышты болсын. Көрші мемлекеттер бір-
біріне қарап, бір-бірінің қораздарының өні мен иттерінің үруін тыңдасын, ал адамдар
әбден қартайғанға және өлімге дейін біріне-бірі кірмесін.
81
Дұрыс сөздер нақылсыз. Әдемі сөздер сенім тудырмайды. Қайырымды шешен емес.
Шешен қайырымды бола алмайды. Білетін адам дәлелдемейді, дәлелдеуші білмейді.
Кемеңгер данышпан ешнәрсе жинамайды. Ол барлығын адамдар үшін жасайды және
барлығын басқаларға береді. Аспан даосы барлық тіршілік иелеріне пайда әкеледі және
оларға кесірін тигізбейді. Кемеңгер данышпанның даосы — бұл күрессіз әрекет.
(Дао дэ цзин //Дао: гармония мира.М.,-Харьков,
2000 - 864 с. С. 9-34.)