Page 90 - Әнуарбек Әуелбек. Болашығына қол созған Қазақстан

Basic HTML Version

90
деп қолы əбден талып қалыпты. Біріне-бірін ысқылап, уқа-
лап, кішкене жандандырғандай болды. «Əзірге осы да же-
тер. Қалғанын кейін көрермін». Ауыр жүктен бір жеңілдеп
қалғандай, екі иығын қомдап-қомдап алды да, түн жарымында
төсегіне барып қисайды.
Таңертең тұрып, алдымен, асықпай шəй-пəй ішті. Сағат
ондар шамасында түнде жазған қағаздарының бəрін алып,
бірінші ықшам аудандағы үйлерді жағалап шықты. Ала шық-
қан қағаздарын біреулеп үйлердің почта жəйшіктеріне сал-
ды. «Адамдардың алмауы, оқымауы мүмкін емес. Тезірек
көзімді құртайын». Азамат бұлай ойлағанмен, қашқан жоқ.
Алысырақтан жүріп, сырттай бақылау жасады. Арада бір күн,
екі күн... өтті. Іс-əрекетінен ешбір қимыл-нəтиже болмаған
соң, сəл-пəл басқашалау жасауға көшті.
Үйдегі бұрынғы дəптерлерін ақтарып көріп еді, қолына хи-
мия пəніне арналған арба жол дəптері ілінді. Соңғы жағында
жазылмаған таза беттері бар екен, төрт парағын жыртып
алып, тағы да үнпарақ жазып шықты. Бірнеше ескі газетті үн-
парақтармен бірге қоңыр папкасына салып алды да, сыртқа
беттеді. Не істерін ойлап, кеш бойы автобуспен сенделіп, əрлі-
берлі жүріп алды. Қайтсе де, бұл жолы адамдардың назарын
аударатындай етіп жасауға тырысты.
Азамат көп оқып-білген сайын Кеңес Одағындағы қоғам-
дық құрылысқа деген наразылығы күшейе түскен болатын.
Оған қарсы қалай күрес жүргізерін білмей дал болды. Көшеге,
алаңға айғайлап шығып ешкімді ілестіре алмасын білді. Оның
үстіне, көкейіндегі сөздерін түгел айтқызбай жатып-ақ қамап
тастарын сезді. Көше тыныштығын бұзған тəртіп бұзушы
ретінде емес, өзіндік салиқалы ой-пікір, жеке көзқарасы бар
сауатты жан ретінде күрескенді дұрыс санады. Шетелге өтіп
кетудің басқалай жолдары жоқ. Алдымен, саяси айыпкер ре-
тінде танылып, содан соң шетелден саяси баспана табудың
қисыны келетіндей көрінді.
Осыдан екі күн бұрын, 23 қаңтарда кештетіп əл-Фараби
даңғылына таман, Весновка көшесінің бойында тұратын ағасы
Баяндының үйіне барған-ды. Өзі ептеп қызып алған. Ағасының