Page 217 - Әнуарбек Әуелбек. Болашығына қол созған Қазақстан

Basic HTML Version

217
іздей келген екен. Неміс-фашистерінің Жəнібекті бомбылауы
үдей берген соң, олар басқа жаққа қоныс аударып кетіпті.
Қайтар жолда олардың арбаларына қоныс аударып келген ев-
рейлер отырып алады. Түс десе түспей, арбаға жегілген екі атты
жолда əбден болдырады. Ауылына жақындай бергенде, шешесі
«бірдеңе айтсам, қорықпайсың ба?» деген. Шешесінің не айтай-
ын деп отырғанын айтпай-ақ түсінген Мəруа: «Ана жақты ай-
тайын деп отырсыз ба, оны өзім көріп келе жатырмын», – деп,
Палласовка жаққа қарай қолын шошайтып көрсетеді. Алыста
жарқ-жұрқ еткен оттар көрініп жатқан. Неміс-фашистері сол
жақты бомбылауға көшкен екен.
Мəруа апайдың əңгімесін ері Қасым ақсақал да жандандыра
түсті. Бала кезінде, бұл кісінің үйі теміржолдың арғы бетінде
болған екен. Ауыл тұрғындарына сол жылдары окоп қаздырып,
бетін жауып тастап, жау ұшағы бомбылаған кезде осыған келіп
тығыласыңдар деп үйреткен. Бір күні жау ұшақтары таңғы
үште ұшып келіп, жанармай базасын бомбылайды. Бұлар бол-
са, үйретіп қойғандай, жүгіріп барып əлгі қазып қойған окоп-
тарына жасырынады. Арада екі-үш күндей уақыт өткенде жау
ұшақтары тағы да ұшып келді. Олар бұл жолы ауылдағы үлкен
диірменді бомбылай бастаған. Алып диірмен өрт құшағына
оранады.
– Біздің үйіміздің қасына танкілерді əкеп жауып қойып
отырды. Біздің үйімізде, Листов дейтін орыстың үйінде штаб-
тары болды, – дейді Қасым Харесов. – Жəнібек поселкесі Ре-
сеймен шекаралас. Вишнев дейтін совхоздың бер жағындағы
тал-теректер тұрған жерге біздің əскерлеріміздің ұшақтары
орналастырылды. Жиырма шақты «АН-2» ұшағы болатын.
Бір күні жеті шақырым жердегі «Новая жизнь» колхозының
бер жағында біздің екі ұшағымыз фашистердің жиырма
шақты ұшағымен шайқасқа түсті. Аналар көп қой, біздің бір
ұшағымызды атып түсіріп, ол сол арада жанып кетті. Үлкен
өрт болып, біз баламыз ғой, əлгі өртті түн ортасы ауғанша
қарап отырдық. Ақырында, ауыл адамдары келіп əлгі өртті
əрең дегенде өшіріп алды. Қаланы келіп бомбылай берген соң,
біз Жəнібектен көшіп кеттік. Біз ғана емес, сол тұста қаладан
көп адам кетіп қалды.