Page 112 - Әнуарбек Әуелбек. Болашығына қол созған Қазақстан

Basic HTML Version

112
пократ антына табынып келгендігі белгілі. Мəселе, шынында
да, анттың көбеюінде емес, оның қадір-қасиетін терең түсініп,
бұлжытпай орындауда болса керек. Ол үшін дəрігерлердің
жеке басына, жалпы денсаулық сақтау саласына мемлекет та-
рапынан қаржылай да, рухани да көп көмек қажет. Өйтпеген
күнде, қажетті дəрі-дəрмек пен зəру медикаменттерді қазіргі
сықылды тек қана базарлардан іздеп жүре береміз. Қалтаңа
қол салуға ұялатын мына заманда нарық қыспағын желеу етіп,
ыңғайы келген жерде халыққа иек артып қалуға машықтанып
кетпей, дəрігерлеріміз қабылданбай қалған анттан аттаса да,
адамдық ардан аттамаса екен дейміз.
Қай саланың болсын, өзіндік проблемалары бар жəне ол
бүгін-ертең шешімін таба қалар нəрсе де емес. Ал, республи-
камыздың барлық саласының қызметкерлеріне ортақ, ұмы-
тылмауға тиіс бір мəселе бар. Ол – тіл. Мемлекеттік тіл
мəртебесін көтеруге деген ұмтылыс осындай іргелі, жау-
апты жиын-отырыстарда байқалуы қажет. «Біссіміллəсін»
қазақшалап жіберіп, ары қарай «орыстранспен» заулата ке-
ту соңғы кезде əдетке айналғандай. Қазақстан емес, Ресей
дəрігерлерінің съезі өткен тəрізді. Əртүрлі құжаттар мен ал-
дын-ала əзірленген іс-қағаздарының, съезге арналған «Ра-
ди жизни» дəрігерлер газетінің тек орыс тілінде берілуі мемле-
кеттік тілге деген селқостықты, немкеттілікті айғақтаса керек.
«Қазақша сөйлеуге өздері талпынбаса, басымызды қатырып
қайтеміз» деген пиғылдың тууына өзіміз осылай жағдай жасап
келеміз. Бұл орайда қазақша сайрағанда өзіңді жаңылдырар
(ондайлар көптеп саналады) дəрігерлеріміздің ойланғандары
жөн.
Съезді өткізу мен оның дайындығына бюджеттен қара-
бақыр да бөлінбегендігі, оған қоғамдық ұйымдар мен ден-
саулық сақтау саласындағы мемлекеттік емес секторлар кө-
мектескендігі арнайы айтылып өткеніне қарағанда, қаржы төңі-
регінде алыпқашпа əңгіме аз айтылмаған сияқты. Жалпы, маған
республика дəрігерлерінің кейінгі іс-əрекеттері Денсаулық
сақтау министрлігінің Білім, мəдениет министрлігімен бірігіп
кеткеніне əлі күнге дейін ренжіп жүргендей əсер қалдырды.