Page 9 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.бжезинский. ҰЛЫ ШАХМАТ ТАҚТАС

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
"Аспан ырқымен император болған біз Англия короліне біздің нұсқауымызды қаперге
алуды ұсынамыз:
Төрт теңіздің арасындағы кеңістікке билік жүргізіп отырған Аспан асты империясы...
сирек те қымбат заттарға қызықпайды... дәл сол сияқты біз сіздің елдің өнеркәсіп
тауарларына титтей де мұқтаж емеспіз...
Соған сәйкес біз... сізге қызмет ететін елшілеріңізге аман - есен үйлеріне қайтуды
бұйырдық. Сіз, о Король, жай ғана өзіңіздің бізге адалдығыңызды нығайта отырып және
мәңгі бағынышты екендігіңізге ант беріп, біздің тілектерімізге сай қарекет жасауға
тиістісіз".
Бірнеше қытай империяларының құлдырауы мен жойылуы да бірінші кезекте ішкі
факторлардың салдарымен түсіндіріледі. Моңғол және кейінгі шығыс "варварлары"
мыналардың салдарынан салтанат құрды: іштей қажу, іріп-шіру, гедонизм және
экономикалық, сондай-ақ әскери салаларда жасампаздыққа қабілеттен айрылу Қытайдың
ырқын қожыратты да, содан кейін оның күйреуін тездетті. Сыртқы күштер Қытайдың
осынау сырқатын пайдаланды: Британия - 1839-1842 жылдардағы "апиын" соғысы
кезінде, Жапония - бұдан бір ғасыр кейін пайдаланды, бұлар терең мәдени қорланушылық
тудырып, ол Қытайдың бүкіл XX ғасырдағы қарекетін анықтады; бұл қорланудың тіпті
күшті болғаны туа біткен мәдени артықшылық сезімі мен империялық дәуірден кейінгі
Қытайдың жерге қарататын саяси тірлігінің арасындағы қарама-қайшылықтан еді.
Империялық Қытайды, Риммен болғанындай, бүгінде едәуір дәрежеде аймақтық держава
ретінде топтастырып жіктеуге болар еді. Алайда өзінің гүлдену дәуірінде Қытайға
дүниеде мына мағынада тең келетін ешкім болған жоқ: басқа бірде - бір ел оның
империялық статусына дау айта алмайтын немесе, егер Қытайда ниет болса, оның одан әрі
экспансиясына қарсылық көрсетуге де дәрменсіз болатын. Қытай жүйесі ең алдымен
ортақ этностық тиесілікке негізделген автономды және өзін-өзі қолдап отыратын жүйе
болатын да, этностық тұрғыдан жат және географиялық тұрғыдан шалғай жатқан
бағындырылған мемлекеттерге орталық билік салыстырмалы түрде көп шұқшия
бермейтін.
Аса көп және басым этностық өзек Қытайға өз империясын әлсін-әлсін қайта қалпына
келтіріп отыруға мүмкіндік берді. Бұл тұрғыдан алғанда Қытай басқа империялардан
өзгешеленеді, ол империяларда саны аз, бірақ гегемонистік ұмтылыстарды басшылыққа
алған халықтар өздерінен саны әлдеқайда көп этностық тұрғыдан жат халықтардың
үстінен уақытша үстемдік орнатып, соны қолдап отыра алды. Алайда егер ондай
империялардың саны аз этностық өзегінің басым жағдайы бұзылса, империяны қайта
қалпына келтіру туралы сөз болуы мүмкін емес-ті.
Әлемдік державаның бүгінгі анықтамасына қандай да бір дәрежеде неғұрлым жақын
аналогия табу үшін біз Монғол империясының естен шықпас құбылысына жүгінуге
тиіспіз. Ол қуатты және жақсы ұйымдастырылған қарсыластармен кескілескен күрес
нәтижесінде пайда болды. Жеңіліс тапқандардың ішінде Польша мен Венгрия
корольдіктері, Қасиетті Рим империясының күштері, бірнеше орыс княздіктері, Бағдат
халифаты және кейінде тіпті қытайдың Сунь әулеті де болды.
Шыңғысхан мен оның мұрагерлері өздерінің аймақтық қарсыластарын талқандай отырып,
геосаясат саласының осы заманғы мамандары "әлемнің жүрегі" немесе әлемдік
үстемдіктің тірек нүктесі деп анықтаған аумаққа орталықтандырылған бақылау орнатты.