Қазақстанның ашық кітапханасы
Олардың еуразиялық континенттік империясы Қытай теңізінің жағалауларынан Кіші
Азияда Анатолияға және Орталық Еуропаға дейін көлбеп жатты. Тек сталиндік қытай -
кеңес блогының шарықтаған кезеңінде ғана Еуразия континентінде жақын жатқан
аумақтарға орталықтандырылған бақылау орнату ауқымы жағынан Монгол империясына
лайықты бәсекелес табылған еді.
Рим, Қытай және Моңғол империялары кейінгі дүниежүзілік үстемдіктен үміткерлердің
аймақтық ізашарлары болатын. Жоғарыда айтылғандай, Рим мен Қытайда империялық
құрылым саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да дамудың жоғары деңгейіне жетті,
ал орталықтың мәдени артықшылығын барлық жерде мойындау маңызды бекемдеуші рөл
атқарды. Керісінше, Моңғол империясы көп дәрежеде әскери жаулап алушылыққа сүйене
отырып, саяси бақылауды сақтады, оның артынан жергілікті жағдайларға бейімделу (тіпті
ассимиляциялану) еріп отырды.
Моңғолияның империялық билігі негізінен әскери үстемдікке сүйенді. Күштерді тез
жеткізу және оларды дер кезінде шоғырландырудың тамаша мүмкіндіктерімен
ұштастырылған ғаламат әрі қатал басым әскери тактиканы қолданудың арқасында қол
жеткен монгол үстемдігі өзімен бірге ұйымдасқан экономикалық немесе қаржылық жүйе
ала келген жоқ, және моңғолдардың билігі мәдени артықшылық сезіміне сүйенген жоқ.
Өзінен-өзі қайта туындап отыратын билеуші тап болу үшін монгол әміршілерінің саны
тым аз еді, және, кез-келген жағдайда, айқын қалыптасқан, санаға терең сіңген мәдени,
тым құрығанда этностық артықшылық сезімінің болмауы империя элитасын соншалық
қажет жеке сенімділіктен айырды.
Нақты болмыста моңғол әміршілері өздері бағындырған, көбіне мәдени тұрғыдан
өздерінен жоғары тұрған халықтармен біртіндеп араласып кетуге бейім екендіктерін
көрсетті. Мысалы, Шыңғысханның ұлы хандықтың қытай бөлігінің императоры болған
немерелерінің бірі Құңфудзы ілімінің қаяусыз таратушысы болып шықты; екіншісі Парсы
елінің сұлтаны болып тұрғанда хақ мұсылманға айналды; ал үшіншісі мәдени тұрғыдан
Орталық Азияның парсылық әміршісі болды.
Нақ осы фактор - басым саяси мәдениеттің болмауынан билеушілердің өз қол
астындағыларға сіңісіп кетуі, сондай - ақ империяның негізін қалаған ұлы Ханның
мұрагерін айқындаудың шешілмеген проблемасы түптің түбінде империяның ажалына
алып келді. Моңғол мемлекеті бір орталықтан басқару үшін тым ұлан-ғайыр болып
шықты, бірақ империяны бірнеше дербес бөліктерге болу арқылы бұл проблеманы шешу
әрекеті бұрынғыдан да неғұрлым жылдам ассимиляцияға жетелеп, империяның ыдырауын
жеделдетті. 1206 жылдан 1405 жылға дейін - екі ғасыр - өмір сүрген аса ірі құрғақтағы
дүниежүзілік империя ақырында із-түзсіз ғайып болды.
Бұдан кейін Еуропа дүниежүзілік биліктің кіндігіне және әлемге билік орнату жолындағы
негізгі шайқастардың аренасына айналды. Шынында да, Еуразия континентінің шағын
ғана солтүстік-батыс қиыры теңіздегі басымдығының арқасында шамамен үш ғасыр бойы
тұңғыш рет нағыз әлемдік үстемдікке қол жеткізді және жер шарының барлық
континенттерінде өз позициясын сақтай алды. Атап өту керек батысеуропалық
империялық гегемондардың саны, әсіресе олар өздеріне бағынғандармен салыстырғанда,
онша көп болған жоқ. Дегенмен XX ғасырдың басында Батыс жарты шар шегінен тыс
жерлерде тек Қытай, Ресей, Осман империясы және Эфиопия ғана Батыс Еуропаның
үстемдігінен бостан болды (Батыс жарты шар да екі ғасыр бұрын Батыс Еуропаның
бақылауында болатын және онда тұратындар негізінен еуропалық эмигранттар мен
олардың ұрпақтары еді).