Page 34 - МӘДЕНИЕТ ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМ ТҰЖЫРЫМДАМАЛАРЫ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
34
неғұрлым ерте кезеңдегі ойлау жүйесі мен нанымның кейбір белгілері қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, бұл Морган сияқты, грек және рим институттарының архаикалық түрлері
Американың байырғы халықтарының мәдениеттерімен ұқсас деген немесе барлық тарихи
мәдениеттер географиялық және уақыт тұрғысындағы алғышарттарға қарамастан бірдей
технологиялық сатылардан өтті деген болжам жасауға түрткі болды. Бұл болжамдардың
рас болып шығуы әбден мүмкін екендігі туралы сенімді дәлелдерсіз тарихи жағдайды
қалпына келтіруге Боастың өзі де бармауы, өзгелердің де мұндай әрекеттерін құптамауы
неліктен екенін осыдан түсінуге болады.
Жалпы адамзат мәдениетінің ұқсастығы туралы тезистің жөні басқа, оны мәдениеттің
нақты санаттарының кезеңдік дамуынан бөліп алып қарастыру керек. Мәдени біртұтастық
пен желілік прогресс тұжырымдамасына негізделген тарих философиясы адам баласының
шыққан тегі бір екендігі мен тарих ағымын бағыттап отыратын бір Құдай екендігі туралы
иудейлік - христиандық сенімнен шыққан. Бүл ілім әрбір өркениет басталуы мен аяқталуы
бар белгілі бір даму циклінен өтеді деген тарих туралы циклді үлгіге қайшы келеді.
Қазіргі мәдени прогресс теориясы — Құдайдың бұйрығымен алға басатын адамзат
эволюциясы туралы иудейлік - христиандық идея мен Қайта өрлеу дәуірінде шыққан және
Ағарту дәуірінде дами түскен, уақыт өткен сайын адамның шексіз дами беретіндігі туралы
жаңашыл идеяның синтезі. Бұл теорияға Құдайдың жазуы болатындығы және адамның
күнәға батқан сайын азғындай беретіндігі туралы діни ілім қарсы шықты. Тайлор да,
Морган да адамзат өркениетінің прогресс арқылы дамып, жалғаса беретіндігін қолдады.
Морган "прогресс жарысы" барысында кейбір халықтардың баяу дамуының себебі неде
екендігі туралы кеңінен талқыланған сұраққа жауап бере алмағанымен, екі ғалым да бұған
азғындаудың еш қатысы жоқтығына нық сенім білдірді. Кондорсе мен Конттың ізінше
мәдениет тарихшылары әрбір тарихи кезеңде адамзаттың ең биік әрі ең үздік қасиеттерін
бойына сіңірген, осы арқылы өркениет пен мәдениеттің одан әрі өмір сүре беруі мен
прогреске жетуін қамтамасыз ететін аса көрнекті жеке адамдардың айырықша рөлін
мойындаумен шектеліп қалды. Морганның "адамзат нәсілінің тарихы — шығуы жөнінен
де, тәжірибесі жөнінен де, прогресс жөнінен де біртүтас" — деп тұжырымдайтыны да
осыдан.
Логика яғни, қисын тұрғысынан келгенде, мәдени эволюция мен прогрестің арасында
айырмашылық барын да ескерте кетейік. Мәдениет тарихының циклдік теориясы белгілі
бір межемен шектелген мәдени эволюцияға сенуді қолдайды, сонымен қатар, уақыт өткен
сайын үздіксіз өркендей беретін шексіз прогресті мойындамайды. Мұндай прогрестің
қазіргі тарихи және этнологиялық теориялары тарихтың бір желілі, генетикалық
тұжырымдамасын да, адамзаттың (мәдени) біртұтастығын да қолдайды.
Мәдени прогресс теориясы нормативті немесе кемел мәдениет туралы түсініктен бастау
алады, бүл үлгіге кез-келген мәдениет азды-көпті деңгейде жақындауы мүмкін. Сонымен,
мәдениеттің прогресті эволюциясы туралы қағиданы мәдени кезеңдер туралы қағидадан
ажыратып қараған жөн. Мәдениеттің кезең-кезеңмен дамуы туралы тұжырымдама —
белгілі бір тарихи мәдениет тұрғысынан алғанда, қандай да бір кемел кезеңнің нақты
мәдени процесі мен іс жүзінде көрініс табуын ескерместен тану немесе мойындау
ұсынылатын логикалық сипаттағы кемел сызба немесе санаттау. Мәдениеттің нақты да
тарихи эволюциясының бүл сызбадан айырмашылығы — ол прогресшіл болуы да,
болмауы да мүмкін. Ол әманда прогресшіл болған және адамның одан әрі жетілуі мен
гүлдену бастайды деп сендірудің метафизикалық соқыр сенімге сүйенген долбардан басқа
ешқандай негізі жоқ. Бірақ, мәдениет тарихшысы болып табылатын этнологтың міндеті —
нақты мәдениеттердің шынайы эволюциясы мен мәдени дамудың әртүрлі жолдарын
тікелей зерттеу және бұл зерттеудің барысында ол прогресс пен құлдыраудың қандай да
бір тұжырымдамасына алдын-ала бой ұрмауға тиіс. Мәдени прогреске баға беру өлшемі