Page 172 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
172
Лично я, как избиратель, особенно горд тем, что голосовал в Сталинском округе Москвы
за любимого вождя, учителя и друга трудового человечества - за товарища Сталина!
КЕЙБІР ҰЛT ЖАЗУШЫЛАРЫНЫҢ
РОМАНДАРЫ ТУРАЛЫ
Социалистік мазмұндағы ұлттық түр - көп ұлтты сан алуан әдебиеттерге байланысты аса
кең көлемді мәселе. Әрбір ұлт жағдайында бұл мәселе сан қилы көп жүйелерге бөлініп,
әрқайсысы бүтін бір социалистік мәдениет ұғымын береді (мәселен, әдебиет, музыка,
театр искусствосы).
Біз бұл мақаламызда, шығармаларын түпнұсқаларынан оқуымызға мүмкіншілік болған
ұлт жазушыларының бірнеше романдары жөнінде ішінара пікір айтпақпыз. Осы
шығармаларды түпнұсқаларына сүйене отырып, нақтылы, дәл және дұрыс қорытынды
шығаруға болады деп білеміз. Неге десеңіз, тіпті поэзияны былай қоя тұрып, кілең
прозаны алып қарайтын болсақ та, олардың аудармалары, көбінесе, сол шығармалардың
түпнұсқасындағы ерекшеліктерді, құнды жақтары мен елеулі кемшіліктерін дәлме-дәл
жеткізіп бере алмай жүр.
Бұл мақаламызда еліміздегі бес халықтың тілінде жазылған романдарды, дәлірек
айтқанда, татар жазушысы Башировтің "Намыс" романын, өзбек жазушысы Айбектің
"Алтын атыраптан ескен желдер" романын, қазақ жазушысы Мұстафиннің "Миллионер"
романын, қырғыз жазушысы Сыдықбековтың "Біздің заманның адамдары" романын әдейі
тандап алдық. Осы романдарға байланысты С. Бабаевскийдің "Алтын жұлдызды жігіт",
"Жер бетіндегі жарық" романдарын да қысқаша шолмақпыз.
Бұл романдар мезгіл жөнінен бір кезде шыққандықтан, тақырыптары бір болғандықтан
өзара бірлестік тапқан, бірыңғай шығармалар. Бұл шығармалар социалистік деревняның
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ("Намыс", "Біздің заманның адамдары"), немесе
соғыстан кейінгі алғашқы жылдардағы хал-жайларын ("Алтын жұлдызды жігіт", "Жер
бетіндегі жарық", "Миллионер", "Алтын атыраптан ескен желдер") көркем әдебиетте
көрсетуге арналған. Бұл шығармалардың барлығы да соңғы жылдарда жазылды.
"Миллионер", "Біздің заманның адамдары", "Алтын жұлдызды жігіт" 1948 жылы
жазылды. "Жер бетіндегі жарық" және "Алтын атыраптан ескен желдер" 1949 жылы
жазылды. Республикаларымызда болсын, бүкіл Одақта болсын жоғарыда аталған
шығармаларды әдебиет оқушылары жоғары бағалап, құп көріп, қабыл алды. "Миллионер",
"Намыс" және "Біздің заманның адамдары" романдары орыс тіліне аударылды. "Алтын
атыраптан ескен желдер" романы аударылып жатыр.
Бір елеулі мәселені сөз арасында атап айтқымыз келеді: ұлт жазушысының романын орыс
тіліне аударудың тарихи маңызы ерекше зор. Өйткені шығарманың авторы, сонымен
қатар, қазіргі дәуірде өркендеп отырған ұлт республикасының бүкіл әдебиеті сол аударма
арқылы бүкіл Одақтың сынына түседі, шеберлікке жетілгені жөнінде емтиханнан өтеді.
Солай бола тұрса да, осы романдардың көпшілігінің көлемі шағындалып, көркемдік
стильдері түгел сақталмай, одақтық әдебиет оқушыларына шала-жансар күйде ұсынылып
жүр. Мәселен, Сыдықбековтың "Біздің заманның адамдары" романы түпнұсқасында 21,5
баспа табақ болса, аудармасы небары 15 баспа табақ болып шықты. Романның алты баспа
табағы қысқарып қалған.
Ірі шығармаларды журналдардың лажсыздан қысқартатын бір жағдайы бар. Мұны да еске
алуымыз керек. Ірі шығармаларды қысқартып, шағындауға келгенде әсіресе жылына 6 рет
шығатын "Дружба народов" альманахының қаламы тым ұшқыр. Туысқан халықтар